Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Үкіметте 2018 жылғы қаңтардағы ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды

13 ақпан 2018, 13:52
Фото, бейне: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылғы қаңтардағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары туралы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады.

Министрдің айтуынша, 2017 жылғы экономикалық дамудың жоғары серпіні ағымдағы жылдың басынан орнықты сақталып отыр. 2018 жылғы бірінші айдың қорытындылары бойынша ЖІӨ өсуі 2017 жылғы қаңтардағы 2,4%-ға қарағанда 4,0%-ды құрады.

«Макроэкономикалық ортаны инфляциялық процестердің бәсеңдеуі нығайтуда. Инфляция жылдың басынан бері 0,6%-ды құрады, бұл инфляциялық таргеттеу тәртібіне өткеннен кейінгі ең төменгі көрсеткіш болып табылады. Жылдық мәнде - 6,8%», — деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Ағымдағы жылғы алғашқы айда елдің халықаралық резевтері 1,1%-ға 90,1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды.

Өңдеу өнеркәсібінің озық қарқынмен өсуі және қызмет көрсету салаларындағы жоғары өсу есебінен экономиканың шикізат емес саласының үлесі өткен жылдың қорытындысы бойынша 60%-ға қарағанда ЖІӨ өсіміндегі 71%-ға дейін өсті.

Есептік кезеңде мұнай өндірудің 7,0%-ға, газдың – 7,2%-ға және темір кенінің – 3,8%-ға өсуі есебінен кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 4,5%-ға ұлғайды. Шығару көлемі 6,2%-ға ұлғайған өңдеу өнеркәсібі нақты сектордағы қозғауыш күш болды.

Химия өнеркәсібі (16%), қағаз өнімдері (14%), сусын (10,5%) және жиһаз өндірісі (10,1%) екі мәнді өсумен ерекшеленді. Сонымен қатар, фармацевтика (7,9%), машина жасау (7,9%), металлургия (7,4%), азық-түлік өндіру (6,0%) тұрақты өсуді сақтауда, бұл ретте резеңке және пластмасса шығару саласы 7,3%-ға өсумен оң көрсеткіштерге шықты.

Ауыл шаруашылығында өсу 3,7%-ды құрады. Өсімдік шаруашылығындағы шығарылым 2016 жылғы денгейде сақталды, сонымен қатар мал шаруашылығындағы өнім өндірісі 3,9%-ға артты.

Нақты сектордағы жоғары іскерлік белсенділік қызмет көрсету саласына қолайлы әсерін жалғастыруда,
ондағы шығарылым 2017 жылғы қаңтардағы 1,4%-ға өсуге қарағанда 3,7%-ға өсуді көрсетті.

Саудада 7,5% денгейінде елеулі өсу тіркелді. Көтерме тауар айналымының артуы газ, мұнай және мұнай өнімдері, мұнай компаниялары үшін құрал-жабдықтар, арнайы киім, техника, фармацевтикалық тауарлар, темекі бұйымдары, астық, азық-түлік өнімдері сияқты тауарлар бойынша байқалып отыр.

«2018 жылғы қаңтарда негізгі капиталға салынған инвестициялар 65,4%-ға өсті. Айтарлықтай өсу «ПертоҚазақстан Ойл Продактс» Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңғырту және реконструкциялаумен, Теңіз кен орнында үшінші буын зауытының құрылысымен, сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенін салумен негізделген», — деп түйіндеді Тимур Сүлейменов.