Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Ауыл шаруашылығы министрлігі еңбек өнімділігін арттыру үшін АӨК төрт бағытын анықтады

13 ақпан 2018, 12:57
Фото, бейне: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Үкіметтің 2018 жылғы 9 ақпандағы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуы бойынша нақты жоспарлар жөнінде баяндады.

Өмірзақ Шөкеев ҚР АШМ еңбек өнімділігін арттыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешеннің төрт негізгі бағытын анықтағанын атап өтті. Олар: заманауи нақты технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасын жедел жаңарту, мал шаруашылығын дамыту, сонымен қатар суармалы жерлерді қарқынды жүргізу.

«Егістіктердің электронды карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар және датчиктер, ғарыш мониторингі және тағы да басқа шешімдерден тұратын дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізу аясында, біз шаруашылықтардың әр түріне арналған нақты технологияларды енгізудің экономикалық моделін әзірлеуді, сондай-ақ оларды субсидиялаудың мүлдем жаңа жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Барлық әкімдер пилоттық шаруашылықтарды таңдап, университетпен, ҒЗИ және ауыл шаруашылығын цифрландырумен, технологиялар әзірлеумен айналысатын әлемдік компаниялармен бірлесіп, ферма иелерін оқытуды ұсынды», — деді министр Өмірзақ Шөкеев.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, техникалық жабдықтарды арттыру үшін, биыл тиімсіз субсидияларды төмендету есебінен, лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 5,5 млрд тг бөліп, инвестициялық субсидиялау көлемін 20 млрд теңгеге арттыру көзделген.

«Осылайша, аталған қолдау шараларын бірте-бірте арттыра отырып, 2021 жылға қарай кәсіпкерлердің техникаға инвестициялар көлемін 240 млрд теңгеге дейін қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Үш жыл ішінде бұл жыл сайын техниканы жаңартуда шамамен 6% жетуге мүмкіндік береді, қазір ол 2% құрайды», — деді Өмірзақ Шөкеев.

Ет экспортын ұлғайту үшін кооперацияны дамыту тәсілі қайта қаралатын болады. Шағын және орта фермерлерді ірі бордақылау алаңдарымен біріктіріп дамыту ынталандырылады, олар өнімді өткізуге, технологияларды таратуға, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Министр сондай-ақ, суармалы жерлердің инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін биыл 65 мың гектар аумақты сумен қамтамасыз етуді қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылданатынын атап өтті. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелері жоғарыда аталған ет кооперативтері үлгісі бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын біріктіру арқылы шешілетін болады.

Бұдан өзге, аграрлық ғылымды реформалау және оны әлемдегі жаңа технологияларды енгізуге бейімдеу жоспарланған.

«Министрлік жүйесінде 3 университет және 23 ҒЗИ бар. Кеңейтумен байланысты оларды 12-ге дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Ауыл шаруашылық ЖОО-ларының құрамында ҒЗИ мен тәжірибелі шаруашылықтары болса, зерттеу институттарына айналады», — деді Өмірзақ Шөкеев.

Қорытындылай келе, министр мемлекеттік бақылау мен қадағалау тиімділігін арттыру ветеринарлық бақылау және қадағалаудың тиімді жүйесін құру және республика аумағының эпизоотикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету есебінен қол жеткізілетінін атап өтті.

«Әл-ауқаттың бекітілген аймақтары мен шекара маңы аумағында ветеринарлық бақылау орындарын орнату, жергілікті атқарушы органдардың қызметін тексеру рәсімдерін жеңілдету, Ресей Федерациясы, Қырғызстан Республикасының ветеринарлық қызметтерімен жануарлардың трансшекаралық ауруларымен күрестің бекітілген тәсілдерін әзірлеу, ХЭБ халықаралық референтті зертханаларында вакцина сапасын үнемі бақылау, сондай-ақ, нодулдік дерматит пен аусылға қарсы шараларды өткізудің стратегиясын іске асыру жоспарда бар», — деп қорытындылады Өмірзақ Шөкеев.

Сонымен бірге ветеринария саласындағы бақылау және қадағалау функцияларын әкімдіктерден Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне қайтару мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ұсынысқа барлық облыстардың әкімдіктері қолдау білдірді.