Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР БҒМ «Нұрлы жер» бағдарламасына жатақханалар құрылысын енгізуді ұсынды

13 наурыз 2018, 12:54
Астана

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын іске асыру жөніндегі Жол картасының шаралары туралы айтып берді.

Е. Сағадиевтің айтуынша, аталған міндеттерді іске асыру үшін дайындалған Жол картасы бүгінде әзірленіп, қосымша білім беру гранттарына арналған ұсыныстар қаулы жобасы ретінде министрліктерге, «Атамекен» ҰКП-ға және жоғары оқу орындарына жіберілді.

Бұл жоба бойынша техникалық мамандықтарға — 11 мың грант, басқа мамандықтарға — 5 мың грант, магистратураға — 3 мың грант және PhD бағытына — 1 мың грант бөлінді.

Сондай-ақ, министр ҚР Білім және ғылым министрлігі жатақхана құрылысы бойынша банктермен, ЖОО-лармен, құрылыс компанияларымен, Ұлттық банкпен, қаржы және экономика министрліктерімен бірнеше кездесулер өткізгенін атап өтті.

«ЖОО немесе құрылыс компаниясы, егер оларда құрылыс салуға жер болмаса, оны әкімдіктен алуы керек немесе сатып алуы қажет. Бірақ алдымен жатақхана жобасының ЖСҚ жасауға тура келеді. Бұл жобада нысанның қанша орынға салынатынын міндетті түрде көрсету керек», — деді Е. Сағадиев.

Жобаны дайындағаннан кейінгі екінші қадам — министрлік пен Қаржы орталығының арасында салынатын учаскелер бойынша келісімшарт жасасу.

«Қазір бір төсек орнына сегіз ж. орта есеппен 200 мың теңге төленді. Егер мемлекет есебінен салынатын болса, онда бес жыл ішінде біз 225 млрд теңге жұмсаймыз, ал егер өзіміз ұсынған схеманы қабылдайтын болсақ, тек 20 млрд тг қолданамыз», — деді Е. Сағадиев.

Министрдің айтуынша, жатақханалар құрылысының алдын-ала схемасы Екінші деңгейлі банктермен, ЖОО-лармен, құрылыс компанияларымен, Қаржы министрлігімен және Ұлттық банкпен келісілді. ЕДБ-лар теңге өтімділігінің жеткілікті мөлшерін растады. Осылайша, ЖОО-лар келісімшарттар негізінде банктен несие алып, құрылыс компаниясын тартады және жатақханалар тұрғызуға мүмкіндік алады.

«Жатақханалар құрылысын «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізу қажет. Университеттерде, әсіресе мемлекеттік университеттерде қажетті аумақ бар, біз әкімшіліктерден жоғары оқу орындарын жер телімдерімен өз деңгейінде қамтамасыз етуді және тиісті байланыстар орнату мәселелерін шешуді сұраймыз», — деп қорытындылады Е. Сағадиев.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз