Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстауды және инфляцияның негізсіз өсуін болдырмауды тапсырды

03 сәуір 2018, 12:05

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы инфляция деңгейі туралы ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов баяндады.

ҚР ҰЭМ мәліметі бойынша, Қазақстандағы инфляция 2018 жылдың қаңтар–наурыз аралығында 1,8% құрады. Ағымдағы жылдың басынан бері инфляция деңгейі жаңа дәліз – 5-7% аралығында сақталып тұр.

«2017 жылғы І тоқсанмен салыстырғанда инфляцияның екі құрамдауышы бойынша баға өсуінің бәсеңдегені байқалып отыр: азық-түлік тауарларына –2,2% (еск. – 2017 жылдың І тоқсанында 3,2%), азық-түлік емес тауарларға –1,3% (еск. – 2017 жылдың І тоқсанында 1,7%) құрады. Сонымен қатар, ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтер өткен жылдың деңгейінде – 1,7% сақталды», — деді Тимур Сүлейменов.

Қарақұмыққа – 12,6%, жұмыртқаға –1,1%, күрішке – 1% және күнбағыс майына 0,2% бағалар төмендеді. Сондай-ақ, қырыққабатқа, картопқа, пиязға, жемістерге, темекі бұйымдарына бағаның өскені байқалады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарларда бағаның ең төменгі өсуі (1,3%) байқалды. Бірқалыпты қарқынмен (1,7%) ақылы қызметтердің бағасы өскен. Ақылы қызметтер ішінде ең жоғары баға өсімі құқықтық (6%-ке) және пошта қызметтерінде (4,3%) тіркелген. Сонымен қатар, әуе көлігі қызметтеріне (8,5%) және көлік құралдарына техникалық қызмет көрсетуде (3,4%) бағаның айтарлықтай төмендегені байқалады.

Өңірлер тұрғысынан алғанда, жыл басынан бері 10 өңірде инфляция орташа республикалық көрсеткіштен төмен деңгейде.

Сонымен қатар, 6 өңірде инфляция орташа республикалық деңгейден жоғары. Бұл Солтүстік Қазақстан (2,5%), Павлодар (2,3%), Қызылорда (2,3%), Шығыс Қазақстан (2,1%), Оңтүстік Қазақстан облыстары (1,9%) және Алматы қаласы (1,9%).

«Инфляцияның жаңа аралығынан (5-7%) асып кетпеу үшін, көрсетілген өңірлер баға өсуін тежеу мақсатында қажетті шараларды қабылдауы қажет. Басқа өңірлер инфляцияның төменгі қарқынын сақтауы керек», — деді Тимур Сүлейменов.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тиісті министрліктер мен ведомстволардың басшыларына, өңірлердің әкімдеріне әлеуметтік маңызды тауарлардың бағаларына бақылау жасауды және инфляцияның негізсіз өсуін болдырмауды тапсырды.

Бақылау жұмыстары Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаевқа жүктелді.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз