Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

А. Қабыкенов ҚР-дағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Елшісі М. Гиффордпен ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады

06 сәуір 2018, 17:20

2018 жылғы 5 сәуірде ҚР инвестициялар және даму вице-министрі А. Қабыкенов пен ҚР-дағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Елшісі М. Гиффорд кездесті.

Кездесу барысында тараптар сауда және инвестициялар, транзиттік-көліктік әлеует, жер қойнауын пайдалану және тау-кен металлургия өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Арыстан Қабыкенов Ұлыбритания Қазақстанның стратегиялық маңызы бар әріптесі және ірі инвесторларының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол екі ел арасындағы экспортты дамытуда оң қарқын байқалатынын атап өтіп, сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайтып, өзара мүдделі салаларда ынтымақтастықты арттыруға шақырды.

Қазіргі таңда өнеркәсіп, геология, тау-кен және металлургия, агробизнес, сондай-ақ энергетика және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларда жалпы сомасы шамамен  $700 млн болатын 6 бірлескен қазақстан-британдық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Келісімдерді табысты іске асыруға мысал ретінде Балқаш–Сарышаған аумағындағы және Қарағанды облысындағы Қорғантас учаскесіндегі («Қазгеология» АҚ және «RioTinto» компаниясымен бірлесіп) мыс-порфирленген кендерін барлау жөніндегі 2 жобаны айтуға болады.

Елші М. Гиффорд екіжақты және көпжақты іс-шараларды өткізу арқылы, оның ішінде қазақстандық, британдық және қытайлық тараптардың қатысуымен «Бір белдеу – Бір жол» бастамасы бойынша қарым-қатынасты арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Тараптар тау-кен және металлургия, жаңа технологиялар, көлік және өнеркәсіп салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылап, осы жылға жоспарланған іс-шараларды өткізуге өзара қызығушылық танытты.

Кездесу соңында тараптар өрбіген әңгіме үшін алғыс білдіріп, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Анықтама: Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сыртқы сауда айналымы 2017 жылы $1 млрд-тан($1,286 млрд) асты, бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 1,9%-ке артық ($1,262 млрд).

2017 жылы Қазақстан экспорты 4,2%-ке өсіп, $926,8 млн құрады (2016 жылы — $889,4 млн). 2018 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстанда британдық қатысумен 876 заңды тұлға, бөлімшелер мен өкілдіктер тіркелген.

 

А. Қабыкенов ҚР-дағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Елшісі М. Гиффордпен ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады
1/2
А. Қабыкенов ҚР-дағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Елшісі М. Гиффордпен ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады
2/2