Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Инвесторлар үшін аса тартымды елді байқаймыз — Агрис Прейманис Қазақстан туралы

02 мамыр 2018, 13:15
Фото, бейне: primeminister.kz

Өткен аптада Астанада ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысы өтті. «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Агрис Прейманис «РrimeMinister.kz» АА берген эксклюзивті сұхбатында атқарылған жұмыстар мен қазіргі нәтижелер туралы мәлімдеп, Кеңестің алдағы жоспарлары жөнінде айтып берді.  

— Кеңестің қазіргі таңда қозғап отырған аса маңызды мәселелері туралы айтып берсеңіз.

 Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстан Үкіметімен инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша тығыз жұмыс жүргізіп жатыр. Инвестициялық ахуал тартымдылығының жалпы сапасы жөніндегі, сондай-ақ энергетика, экономиканы жасылдандыру, еңбек күшін реттеуді жетілдіру және т.б. мәселелер қозғалуда. Айта кетерлік жайт, Шетелдік инвесторлар кеңесі Үкіметпен өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көшуде. Инвестициялық ахуал мәселесін ғана талқылаудан, шетелдік инвесторлардың Үкіметке, мемлекетке жалпы бәсекеге қабілеттілікті жақсартып, жалпы өсімді қамтамасыз ету үшін қалай көмектесе алатыны жайындағы мәселелерді талқылау қажет.

— Соңғы жылдары Қазақстанның инвестициялық ахуалы қалай өзгерді?

 Қазақстандағы инвестициялық ахуал соңғы жылдары едәуір жақсарды. Бүгінде біз инвесторлар үшін аса тартымды елді байқаймыз. Көп жұмыс істелді. Шетелдік инвесторлар кеңесі 90-жылдардың басынан бергі нақты проблемалармен жұмыс істей отырып, өз ісін атқарды. Қазіргі таңда Қазақстанды барынша көп инвесторларды тарта алатын ел ретінде көреміз.

— Кеңестің өткен жылдағы қызметінің нәтижелерін қалай бағалайсыз?

 Шетелдік инвесторлар кеңесі үшін өткен жыл өте табысты болды. Энергетика, жасыл энергетика бағытында инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Естеріңізге сала кетейін, былтыр пленарлық отырыс жасыл экономика тақырыбына арналған еді. Ол «Экспо-2017» көрмесі кезінде өткізілді. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер өте сәтті орындалды, жасыл экономика және басқа да салаларда инветорлар Шетелдік инвесторлар кеңесі жұмысының жемістерін көріп жатыр деп есептеймін.

— Тікелей шетелдік инвестицияларды тарту тұрғысынан еліміздің бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін қандай шараларды қабылдаған жөн?

 Бір жағынан алғанда, бүгінгі таңда инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жасалып жатқан жұмыстардың барлығы өзекті болып қала бермек. Дегенмен, біз жаһандық әлемде өмір сүріп жатырмыз, Қазақстанның, Орталық Азияның және өзге де өңірлердің инвестициялар салуға қажетті мүмкіндіктерін қарайтын инвесторлар тек елдердің инвестициялық ахуалына ғана емес, сондай-ақ осы елдердің өсу әлеуетіне, олардың бәсекеге қабілеттігіне, нарық көлеміне және т.б. мән береді. Сол себепті де, Қазақстанға шетелдік инвесторлармен бірлесіп тек инвестициялық ахуалды жақсартуға емес, сонымен қатар өсім тетіктерін дамытуға да басымдық беру керек. Бұл цифрландыру, Қазақстанның өңірлік әрі әлемдік экономикаға интеграциялануы секілді мәселелер. Шетелдік инвесторлар Үкіметке аталған мәселелердің шешімін табу мақсатында өз білімдерімен, дағдыларымен, технологияларымен және т. б. көмектесе алады.

— Биыл Кеңес алдында қандай мәселелер тұр?

 Биыл ШИК инвестициялық ахуалды жақсарту, экология жөніндегі заңдарды жетілдіру және жаңа заңдар жасау мәселелерімен айналысады. Көптеген жұмыс сапалы дағдыларды тарту және еңбекке тарту дағдыларын жетілдіру үшін жағдай жасауға бағытталады. Биылғы пленарлық отырыстың тақырыбы — Қазақстанды жедел жаңғырту. Шетелдік инвесторлар ұсынатын және Мемлекет басшысының, Үкіметтің ұсынатын ұсыныстары келер жылы біздің жұмысымызға мықты бағдарлама беретініне сенімдімін. Жаңғырту, бәсекеге қабілеттілікті жақсарту тек Қазақстан үшін маңызды мәселелер емес, сондай-ақ елде жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар үшін де аса өзекті. ШИК алаңы да аса маңызға ие. Ол Қазақстан экономикасына $100 млрд астам инвестиция салған инвесторлардан тұрады. Бұл аталған мәселелер бойынша өте тиімді жұмыстар атқаруға мүмкіндік береді.

— 2018 жылы Шетелдік инвесторлар кеңесіне 20 жыл толады. Осы кезеңде атқарылған жұмыстарды қалай бағалайсыз?

— 90-жылдардың басынан бері атқарылған жұмыстар туралы сағаттап айта аламын. Естеріңізде болса, Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап біздің жұмыс басталды. Әрине, Мемлекет басшысы сол кезде шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде дұрыс әрі маңызды шешім қабылдағанын білеміз. Шетелдік инвестициялар — бұл тек елге келетін ресурстар ғана емес, бұл осы компаниялардың басқа елдерде көптеген жылдар бойы жинақтаған білімдері мен дағдылары, және, әрине, инвестициялар басынан бері келе бастады, көптеген түрлі инвестициялар тартылуы үшін қолайлы ахуал жасау өте маңызды болды. Қазақстанның көптеген пайдалы қазбалары, мұнайы және басқа да минералдары бар ел екені анық.

Сонымен қатар, Қазақстанда өте жақсы адам ресурсы бар. ШИК жұмыс істеп жатқан инвестициялық ахуалды құру экономикаға ақша мен дағдыларды тартуға бағытталған. Бұған қоса, жер қойнауын пайдалану саласына ғана емес, басқа салаларға да. ШИК — бұл тек шетелдік инвесторлар емес. ШИК артықшылықтары — мұнда Қазақстан Үкіметі мен шетелдік инвесторлармен жұмыс өте тығыз жүргізіледі. Бірлесіп атқарылған жұмыстан тек инвестицияларды тарту үшін емес, жалпы Қазақстан үшін пайдалы әрі жақсы шешімдерді табуға болады.

— Қазақстанға шетел инвестицияларын тарту білім мен жаңа технологиялар трансферті үшін пайдаланылуы тиіс. Мұны толықтай жасауға бола ма?

— Бұл шетел инвестицияларын тартудың басты себебі деуге болады. Құрылыс және басқа мақсаттарда пайдаланылатын ақша, әрине, өте маңызды. Дегенмен, Қазақстанға бәсекеге қабілетті ел болу үшін технологиялар мен дағдылар қажет. Шетелдік компаниялар осы білімді тек өз жұмыстарына ғана емес, сонымен қатар Қазақстан экономикасына да табысты енгізуде. Мысал ретінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі ірі компанияларды айта аламын. Оларда бірге жұмыс істейтін компаниялардың, жеткізушілердің өте үлкен желісі бар. Көбінесе бұл шағын және орта кәсіпорындар. Олар да үйренеді, тіпті жер қойнауын пайдаланушы компаниялар да өздерінің ақшаларын аталған компанияларды оқытуға, жаңа процестерді енгізуге жұмсайды.

Осылайша, компаниялар өздерінде жұмыс істейтін қазақстандықтарды оқыту арқылы ғана дағды әкелмейді, сондай-ақ дағдылар шетелдік инвесторлармен өзара әрекеттесетін басқа компанияларға да беріледі. Сонымен қатар, экономикада әртүрлі салалардағы жаңғырту сәтті жүзеге асырылып жатқанын байқаймыз. Көбірек істеуге бола ма? Әрине. Осы жылы ШИК-тің пленарлық сессиясы жаңартуға, үздік дағдыларды тартуға бағытталған жұмысқа жаңа серпін береді. Бұл дағдыларды экономикаға көбірек енгізуге бағытталған.

— Осы міндеттерді іске асыру үшін елімізге не ұсына аласыз?

 Табысты іске асыру үшін инвестициялық ахуалды жақсартуға ғана мән беріп қоймай, өсім тетіктерін жетілдіруге де баса назар аудару керек. Мұнда ШИК өте маңызды рөл атқара алады деп ойлаймын. Бұл — барлық елдерде ғаламдық тәжірибесі бар, көп инвестиция салған ірі компаниялар. Олар «Стратегия – 2025», Цифрландыру бағдарламасы, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамаларын іске асыру мақсатында Үкіметпен жұмыс істей алады. Жаңа бастамалар да болуы мүмкін. 2018–2019 жылдар осындай жұмыстарды орындайтын негізгі жылдар болады деп ойлаймын.

— Сұхбатыңызға рақмет!

 


 

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз