Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Елбасының жаңғырту жөніндегі міндеттерін орындау үшін өмірдің барлық салаларын цифрландыру қажет — Е. Досымбеков

06 мамыр 2018, 10:41
Фото, бейне: primeminister.kz

2018 жылы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің құрылғанына 20 жыл толады. Кеңестің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы біздің сұрақтарымызға шетелдік тараппен инвестициялық саясатты іске асыру жөніндегі ШИК бірлескен жұмыс тобының тең төрағасы, «E&Y» Қазақстан және Орталық Азия бойынша басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков жауап беруге келісті.

— Кеңестің осы кезеңдегі жұмысын қалай бағалайсыз?

— Мемлекет басшысы негізін қалаған Шетелдік инвесторлар кеңесі жиырма жылдық қызметінде елеулі жұмыстар атқарды. Меніңше, Кеңес осы жылдар бойы Мемлекет басшысының, Үкіметтің және тікелей шетелдік инвесторлардың арасындағы сындарлы сұхбат алаңына айналды. ШИК жанында еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту жолындағы елеулі мәселелерді шешетін бірнеше жұмыс тобы қызмет көрсетеді. Аталған жұмыс топтарының мүшелерінің қатысуымен көптеген іс-шаралар өткізілді.

Бүгінде инвесторлар мен қазақстандық мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл едәуір жақсарған, берік байланыс орнатылған, сындарлы диалог жүргізілуде. Осыған сүйене отырып, ШИК қызметіне тек оң баға беруге болады. Дегенмен, осы жетістіктермен шектеліп қалмаймыз, алда үлкен міндеттер тұр.

— Сіздің ойыңызша Қазақстанның әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндетін орындаудағы ШИК-тің рөлі қандай?

— Шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанда көптеген инвесторларды тартуға қажетті инвестициялық ахуал болуы керек, сондай-ақ біздің нарықта бүгінгі таңда жұмыс істеп жүрген инвесторларды сақтап қалу шараларын орындау қажет.

Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджі Кеңес мүшелерінің, елімізде жұмыс істеп жүрген инвесторлардың пікірлері есебінен де қалыптасатынын айта кеткен жөн. Сондықтан да, Қазақстанның әлемдегі 30 озық дамыған державалардың қатарына енудегі өршіл мақсатына қол жеткізу тұрғысынан ШИК рөлі зор деуге болады. Осы мақсатқа жету үшін Қазақстан ашық іскерлік ортаға, қолайлы заңдарға ие болып, жүйелі құқықтық тәжірибе жүргізуі тиіс. Егер отандық және шетелдік инвесторлар мұнда өздерінің табысты шаруашылық қызметін құрса, бұл отыз әлемдік экономикалық көшбасшылар клубына қосылуға жол ашады.

— Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстан Республикасына шетелдік инвестицияларды тарту елімізге білім мен жаңа технологияларды әкелу үшін пайдаланылуы тиіс екенін атап өтті. Мұны толықтай іске асыру қолдан келе ме?

— Біз мұны қаншалықты орындап жатқанымызды бағалау үшін әлі де көп іс атқару қажет. Қазіргі кезде, менің пікірімше, Қазақстан өте жақсы жұмыс жасап жатыр. Бұған елімізде көптеген шетелдік инвесторлардың қызмет етуі дәлел. Біз мәселені мемлекетте қалыптасып жатқан негізгі және қосалқы индустриялар тұрғысынан қарастыра аламыз. Олар сол немесе басқа да компаниялардың қызметі технологиялар трансферті, сондай-ақ білікті жұмыс күшін импорттау тұрғысынан қаншалықты сәтті болғанын көрсетеді. Бізге осы саладағы күш-жігерімізді арттыру қажет, өйткені бүгінде елге жаңа технологияларды тартпай, білікті кадрларды даярлаусыз, алға қойған мақсатқа жету мүмкін емес.

— Биыл маусым айында ҚР Президентінің төрағалығымен «Жеделдетілген жаңғырту» күн тәртібімен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31 пленарлық отырысы өтеді. Аталған міндетті іске асыру үшін елімізге нақты не ұсына аламыз?

— Соңғы технологиялар мен біліктілігі жоғары мамандарсыз әлемдік көшбасшылардың отыздығына қосылу оңайға соқпайды. Бізге таяу және алыс шет елдерден білікті жұмысшыларды тарту керек. Себебі, еңбек нарығымызды шетелдік жұмыс күшінің енуінен қорғауға және елдегі жұмыссыздық деңгейін қалыпты деңгейде сақтауға мүдделі болғанымызға қарамастан, бізге әзірге білікті шетелдік қызметкерлерді елге тарту қажет болып тұр. Бұл бір мәселе.

Жаңа технологияларды енгізу мәселесіне келер болсақ, мұнда барлығы түсінікті. Мемлекет басшысының жаңғырту жөніндегі міндеттерін табысты жүзеге асыру үшін жаңа технологияларды енгізіп, өмірдің барлық салаларын цифрландыру қажет. Тек сонда ғана біз жаңаруға ұмтылатын басқа да дамыған және дамушы елдермен теңесеміз.

— Сұхбатыңызға рақмет.

 

Анықтама: ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі 1998 жылы құрылған. Бүгінгі таңда Кеңес құрамына 30 шетелдік компания мен халықаралық ұйымдардың басшылары кіреді.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз