Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Мемлекет басшысы «Hotel Properties Limited» компаниясының негізін қалаушы Онг Бэнг Сэнгпен кездесу өткізді

16 мамыр 2018, 19:19
Фото: akorda.kz

Әңгімелесу барысында тараптар туризм саласындағы ынтымақтастық және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстан мен Сингапур арасындағы достық әрі әріптестік қарым-қатынастар жоғары деңгейде екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

«Сингапурмен бұрыннан жақсы байланысымыз бар. Мен Ли Куан Ю мырзамен көп жыл достық қарым-қатынаста болдым. Елдеріңіздің қазіргі Премьер-Министрімен де тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз. Халықаралық басқосулардың бәрінде жүздесіп, қарым-қатынасымызды одан әрі нығайту жөнінде әңгімелесеміз», — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның туризмді дамытуға мүдделі екенін атап өтіп, Астананың туристік әлеуетін арттыру үшін атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтты. 

«Сіз – қонақ үй бизнесінде танымал адамсыз, әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істеп жүрсіз. Астана – жаңа елорда. Біз оны туристік қалаға айналдырмақпыз. Бұл үшін біз Сингапурдың осы бағытта жүріп өткен жолын зерттеудеміз», — деді Мемлекет басшысы.

Онг Бэнг Сэнг Қазақстандағы өзінің алғашқы жұмыс тәжірибесі жөнінде айтты.

Сингапурлік бизнесмен Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қарқынды түрде өркендеп, дамудың жоғары нәтижелеріне қол жеткізгенін атап өтті.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз