А. Мырзахметов Ақмола және Павлодар облыстарына жұмыс сапарымен барды

13 сәуір 2017, 17:25

Бүгін ҚР Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Ақмола және Павлодар облыстарында болды.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешені экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс деп тапсырма берген болатын, бұл Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына негіз болып табылады.

Аталған бағдарламада әкімдіктер үшін әр жылға нақты индикаторлар белгіленген. Жұмыс сапарының басты мақсаты - осы индикаторларды талқылау және орындалу барысын бақылау.

Жаңа бағдарламаға сәйкес, ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру, қайта өңдейтін және құрама жем кәсіпорындарының жүктемелігін арттыру, мал шаруашылығындағы жемшөп базасын нығайту мақсатында егістік жерлерді әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда Ақмола облысындағы 6 май өңдейтін зауыттың жүктемелігі – 30%, ал құрама жем зауыттарының жүктемелігі 56%-ды құрап отыр. Сондықтан зауыттардың жүктемелігін арттыру мақсатында 2021 жылға қарай майлы дақылдар алқабын 380 мың га-ға, мал азығы дақылдарын 490 мың га-ға, арпаны 670 мың га-ға арттыру жоспарлануда. Ал бидай алқабын 680 мың га-ға қысқарту көзделген.

2017 жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын 5,1 млн га аумаққа егу жоспарланған.

Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысымен таныса отырып, министр биыл көктемгі-егістік жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендегенін айтты, соңғы тұтынушы үшін мөлшерлеме 5-6 % құрады. Бұл төмендеу ең алдымен ауыл шаруашылығы дақылдарын сапалы егуге бағытталған.

Әрі қарай, ведомство басшысы аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жиналыс өткізді. Жиын барысында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту мен аймақта жеке қосалқы шаруашылық әлеуетін пайдалану арқылы АӨК өнімдерін өндіруді ұлғайту мәселелері қарастырылды.

Кооперативтерге қолдау білдіру үшін мемлекет тарапынан барлық шаралар қарастырылған, мысалы: құрал-жабдықтар бағасын 50%-ға арзандату, жем-шөпке субсидия беру, өндірілген және өңдеуге тапсырылған өнімдерді субсидиялау, жеке қосалқы шаруашылықтарға төменгі пайызды несие қарастыру және т.б.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды белсенді жүргізу мақсатында, министрлік тарапынан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы лизингке берілетін сүт қабылдау және мал бордақылау пункттерін алғашқы жарнасыз  құрудың сызбасы жасалды. Алғашқы жарна ретінде жалпы құнынан 50% көлемінде бөлінген инвестициялық субсидияны  пайдалану  көзделуде. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан кооперативтерге тапсырылған 1 литр сүт үшін 10 теңге субсидия берілмек. Әрбір мүйізді ірі қара үшін 20 мың теңге және ұсақ малдарға 1 500 теңге көлемінде субсидия беру қарастырылған.

Ақмола облысының жұртшылығымен кездесуден кейін А. Мырзахметов Павлодар қаласында аудан әкімдері мен Павлодар облысының фермерлерімен жиналыс өткізді. Жиында ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігудің маңыздылығы, ауыл халқын жұмыспен қамту, егістік жерлердің құрылымын әртараптандыру, көктемгі егістік жұмыстарының барысы және суармалы жерлердің көлемін арттыру мәселелері талқыланды.

Жұмыс сапары барысында Асқар Мырзахметов Павлодар қаласындағы сүт зауытының жұмысымен танысты.

Анықтама:

Павлодар облысында ауыл шаруашылығы дәнді-дақылдарын 1,3 млн га аумаққа егу жоспарлануда. Оның ішінде бидай – 692 мың га, майлы дақылдарды 192 мың га егу жоспарлануда.

Облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 2017 жылғы егістік жұмыстарын жоспарланған аумаққа жүргізу үшін  дизель отынына қажеттілік 16 мың тоннаны құрап отыр. 11 сәуірдегі жағдай бойынша 4,6 мың тонна дизель отыны жіберілген.

1/1