Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Дәрі-дәрмектерді «Қазпошта» арқылы жеткізу және басқа да жаңашылдықтар туралы Л. Бюрабековамен эксклюзивті сұхбатта

07 ақпан 2018, 12:23
Фото, бейне: primeminister.kz

Халықты дәрілік қамтамасыз ету мәселесі Денсаулық сақтау министрлігі қызметінің басты бағыттарының бірі. ДСМ құрылымында тұтас бір комитет барлық қажетті шараларды қабылдауда: нормативтік база жетілдірілуде, дәрі-дәрмек сатып алу қызметі орталықтандырылып, электрондық форматқа көшу жұмыстары жүргізілуде. Саланың басқа да жаңалықтары туралы ҚР ДСМ Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекованың сұхбатында толығырақ мәлімет берілген.

— Людмила Витальевна, 2017 фармация саласы үшін қандай жыл болды? Қандай жаңалықтар болды? Не нәрсеге қол жеткізілді?

 Басты оқиғалардың бірі ретінде Мемлекет басшысының барлық дәрілік заттарға бағаны реттеуді енгізу туралы тапсырмасын айтуға болады. Осы тапсырманы жүзеге асыру аясында біз дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың кейбір мәселелері туралы заң жобасын әзірледік. Өткен жылы біз оны барлық мемлекеттік органдарда мақұлдатып, Парламент мәжілісіне өткіздік. Қаңтар айынан бері біз оны Мәжілістің барлық комитеттерінде пысықтауды бастадық және заң маусым айында қабылданады деп жоспарлап отырмыз. Ал барлық дәрі-дәрмектерді реттеу жұмысы 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталады.

Бұған қоса, біз үшін маңызды оқиғалардың бірі «СК-Фармация» арқылы орталықтандырылған амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы шешімнің қабылдануы болды. Сонымен қатар аталған тапсырманы іске асыру мақсатында МӘМС-тің кейбір мәселелері туралы заң мен заңға қосымша актілер қабылданды. Осылайша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін барлық дәрі-дәрмектер «СК-Фармация» арқылы сатып алынады.

— Отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

— Өткен жылы отандық өнеркәсіпте айтарлықтай өсім байқалды – 41%-ға жуық. Бұл Денсаулық сақтау министрлігімен тікелей байланысты. Отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары бірыңғай дистрибьютор арқылы 10 жылдық мерзімге ұзақмерзімді келісімшарттар жасасу арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, биыл бірыңғай дистрибьютордың тізіміне сәйкес біздің отандық өндірушілер номенклатураны шамамен 50%-ға жапты. Осының арқасында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап отандық препараттарды жеткізу жұмыстары басталды деуге болады.

— Дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу рәсімдері электрондық форматқа көшіріледі. Бұның қандай артықшылықтары бар?

— Біз барлық сатып алу шараларын ашық түрде жүргізуге тырысып жатырмыз, яғни оларды онлайн режимінде және «СК-Фармация» сайтында, олардың Facebook-тегі парақшаларында таратамыз. Бұл сатып алудың бұған дейінгіден де ашық әдісі болады. Мемлекеттік сатып алу порталына және басқа да ақпараттық жүйелерге бірігуіне байланысты қағаз түріндегі құжат айналымы азаяды. Бұл кәсіпкерлер үшін өте жеңілдетілген процедура болады, яғни олар үлкен көлемдегі құжаттар пакетін ұсынбайтын болады. Сондай-ақ, бізге де, тендерлік комиссия мүшелері үшін де жұмыстар жеңілдетіледі, құжаттарды қарау уақыты қысқартылады. Алдағы уақытта бұл сондай-ақ өткен жылы көптеп талқыланған барлық ықтимал тәуекелдердің алдын-алатын болады.

— Дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру үшін не істеліп жатыр?

— Ең алдымен, бұл дәрі-дәрмектерді тіркеу, олардың сапасын және қауіпсіздігін тексеру. Бұған қоса, қолжетімділікті арттыру шараларының бірі – дәрі-дәрмектерді әрбір емделушіге жеткізу үшін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді орталықтандыру, сонымен қатар біз бірнеше рет айтқан — Қазпошта арқылы дәрілік заттарды атаулы жеткізу жобасы. Жоба қазір қарастырылып жатыр. Жылдың екінші жартысында пилоттық жоба ретінде оны Қарағанды облысында іске қосқымыз келеді.

Айта кету керек, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмектерді жеткізу шаралары бірнеше кезеңнен өтеді. Біріншісі — медициналық ұйымның сұранысы бойынша дәрі-дәрмекті сатып алу. Екіншісі — оны емделуші алып кететін дәріханаға жеткізу. Емделуші жеткізудің бір түрін таңдайды: дәрі-дәрмекті алу үшін дәріханаға барады немесе өзі тексеріліп жүрген емханадан алады, не болмаса дәрігерлік қызмет көрсетуге келгенде алады немесе Қазпоштаға белгіленеді, кейін пошта арқылы үйіне жеткізіледі. Бұл қызмет түрі бүгінде Қазпоштада жүйеге келтірілген. Сондай-ақ SMS-хабарландыру қызметі іске қосылған. Жеткізу әдісін емделуші өзі таңдайды.

Бұл қосымша бюджет қаражатын бөлуді талап етпейді. Біз Қазпоштамен бірге барлық есептеулерді жүргіздік.

— 2018 жылға арналған тегін дәрі-дәрмектерді және онымен байланысты қызметтерді сатып алу рәсімдері қандай сатыда тұр?

— Бізде дәрі-дәрмекті уақытында сатып алмау мәселесі болды, бұл туралы бұған дейін айтып өттік. Жалпы, дәрі-дәрмектердің қолданыстағы заңнамасына сәйкес «СК-Фармация» келесі қаржы жылына арналған дәрі-дәрмектерді сатып ала алады. Тиісінше, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарларды тасымалдауды дереу бастау мүмкіндігі болды. Бірақ бізде заңның маусым айының соңында қабылданып, көптеген заңға қосымша актілер белгілі-бір процедураларды талап еткендіктен, бізде сатып алу жұмыстары кешірек жүргізілді. Осыған байланысты біз Үкіметке жүгініп, әкімдіктерді және Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасын орын алған жағдай жөнінде ақпараттандырдық. Бұдан өзге, қаңтар-ақпан айларында амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін оларға қосымша 5,4 млрд теңге мөлшерінде қаржы бөлінді. СК-Фармацияға бір ресурстан 90 күнге жететін дәрі-дәрмекті сатып алуға мүмкіндік беретін қолданыстағы ережеге өзгерістер енгізілді.

Бүгінде 90 күндік талапты сатып алудың барлық рәсімдері жасалды. Ертең екі кезеңдік негізгі тендер бойынша, қалған 9 айға арналған аукцион өткіземіз. Бірыңғай дистрибьютор тізімінде 1000-нан астам атау бар. Біз 488-ін сатып алдық. Олар «СК-Фармация» қоймаларына жөнелтілді және өңірлерге таратылады. Биыл еліміздің сегіз аймағында дәрі-дәрмектер тікелей емделушілер тіркелген емханаларға жеткізіледі. Емделушілерге ешқайда барудың қажеті жоқ, олар рецепт алып, бірден сол жерде дәрі-дәрмектерін де алады. Қалған сегізінде — әзірге есепке алу және өткізу қызметі әрекет етіп тұрған дәріхана желілері арқылы жүзеге асырылады. Жіберу қазірдің өзінде толыққанды жүргізіліп жатыр. Емхана арқылы жұмыс істейтін сегіз аймақ өздерінің препараттарын алды. Дәріхана арқылы жұмыс істейтін төрт өңірде де тиеу жұмыстары жүріп жатыр. Кейбір өңірлер өздерінің айтқандарын орындады: қаңтар-ақпан айларында бөлінген қосымша қаражатқа олар дәрі-дәрмек сатып алды, енді әзірге олар қосымша дәрі-дәрмектерді қажет етпейді. Мысал ретінде Қызылорда облысын айтуға болады.

 Қаңтар айында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, денсаулық сақтау басқармасы, облыстың фармация комитеті мен Даму қауымдастығы арасында дәрі-дәрмектің бағасын көтермеу туралы төртжақты меморандумға қол қойылды. Дәрі-дәрмектің 30 ірі жеткізушісі жыл соңына дейін халық жиі пайдаланатын дәрілік заттардың 150 атауына бағаны көтермейді. Бұдан өзге, 13 дәрі-дәрмектің бағасын төмендету туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл кімнің бастамасы? Ол басқа облыстарда да қайталанады ма?

— Бұл бастаманың жүзеге асырылғанына біраз уақыт болды. 2009 жылдан бастап. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі мен ірі қауымдастықтар арасында дәрі-дәрмектердің белгілі бір тізімі бойынша осындай меморандумға қол қойылған еді. Негізінен отандық өндірушілер бағаны сақтау міндетіне жауап береді. Жалпы, біз бұл меморандумды қолдаймыз. Бүгінде тағы төрт өңір осындай ұсыныстарын білдіріп жатыр. Біз бұған дейін дәрілік заттардың тізімін қарадық. Бірыңғай дистрибьютор арқылы амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектің басым бөлігін сатып алғанымызды атап өткен жөн. Мұнда отандық өндірушілер де бар. Бұл қандай да бір экономикалық салдарларға әкелмейді деген сенімдеміз. Аталған меморандумдар, әрине, өңірлер мен жалпы салаға қажет.

— Фармация комитеті денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында тағы қандай жұмстарды іске асырып жатыр?

— Тек біздің Комитеттің ғана жұмысы деуге болмайды, біздің денсаулық сақтаудың өңірлік басқармаларымен бірлесіп атқарып жатқан басымдықты жобаларымыздың бірі — онлайн режимде емделушілердің санын, диспансерлік есепте тұрғандардың санын білу үшін және кімге қандай дәрі-дәрмек қажет екенін білуге, емделушіге препарат жеткен-жетпегенін анықтауға мүмкіндік беретін медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу. Бұл бізге қажеттіліктерді жоспарлау кезінде өте маңызды. Себебі, бюджеттік заңнама біз бюджетті жыл басталмай тұрып жоспарлайтындай етіп жазылған. Яғни, 1 сәуірге дейін дәрі-дәрмектерге қажеттілік мөлшері мен 2019 жылға арналған бюджетті қалыптастыруымыз қажет. Біздің дәрілік қамсыздандыру жөніндегі ақпараттық жүйемізбен және «СК-Фармация» ақпараттық жүйесімен біріктірілетін медициналық ақпараттық жүйелер бізде емделушіден бастап дәрі-дәрмектің жүктелуіне дейін және әрі қарай препараттың емделушіге жеткенін көріп отыру үшін қажет. Біздің жүйе мен бірыңғай дистрибьютордың жүйесін интеграциялау жұмыстары осы аптаның соңында аяқталады, бұдан әрі өңірлердің цифрландыруына байланысты жүзеге асырылады.

— Бірқатар БАҚ-тың хабарлауынша, қатты аязға байланысты барлық дәрі-дәрмектер мен медициналық препараттар уақытында жеткізілмеген. Көптеген тұрғындар, оның ішінде зейнеткерлер шағымданып жатыр. Жеткізу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр және оған кім жауапты?

— Өңірлерге дәрі-дәрмектерді жеткізумен Бірыңғай дистрибьютордың сатып алу рәсіміне қатысатын логистер айналысады, содан кейін өңірлерге тасымалдайды. Өткен аптада аязды күндері солтүстік өңірлерге: Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына препараттарды жеткізе алмау мәселесі орын алғаны рас. Көмек сұрап Ішкі істер министрлігіне хабарластық, тауарларды жеткізуге рұқсат берілді. Дәрілік заттар — ерекше өнімдер, олар арнайы сақтау жағдайларын қажет етеді. Әрине, олардың бір жерде тұрып қалып, мұздатылып, емделушілерге жарамсыз күйде жеткізілуіне тәуекел етпедік. Кеше (еск. — а.ж. 30 қаңтарында) кешеуілдеген барлық өңірлерге дәрі-дәрмектер тасымалданды.

— Дәрі-дәрмектердің қолжетімділігіне тоқталсақ. Көптеген дәріханаларда қан қысымын реттеуге арналған дәрі-дәрмек жоқ деген шағымдар түсіп жатыр. Шынымен де осындай мәселе бар ма және себебі неде?

— Шағымдар осы жылдан бастап дәрі-дәрмектерді дәріханалар арқылы өткізуден бас тартқан аймақтардан түсіп жатыр. Мәселен, Астана қаласы. Мұнда бұған дейін дәрілік заттарды өткізумен «Гиппократ» ЖШС айналысқан еді. Биылғы жылдан бастап денсаулық сақтау басқармасы таратуға жұмсалатын ақшаны үнемдеп, сатып алынатын препараттардың санын ұлғайту мақсатында бұл қызметтен бас тартты. Бүгінде барлық дәрі-дәрмектер енді тікелей емханалар арқылы беріледі. Біз қазір бұл мәселе бойынша белсенді жұмыстар атқарып жатырмыз. Барлық өңірлерде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Біздің аумақтық департаменттеріміз, денсаулық сақтау бөлімі, дәрілік заттарды ұтымды пайдалану орталығы ақпараттық топқа біріктіріліп, халықпен жұмыс істеп жатыр.

Мысал ретінде айтып өтейін, неліктен дәрі-дәрмекпен қамсыздандыру шаралары орталықтандырылды? Себебі, дәрі-дәрмектер дәріханалар арқылы өткізілгендіктен, ұсынылатын қызмет үшін 25% көлемінде ақы төленді. Яғни, дәрі-дәрмектер сатып алынды, оның бағасының ішінде есептеу мен сату қызметтерінің, емделушіге өткізудің де ақысы болды. Біз 25% жоғалттық. Біз «СК-Фармация» деңгейінде орталықтандырған кезде, біз 25%-дан 12%-ға дейін төмендеттік. Бірақ жалпы ел ауқымында өткізуді есепке алғанда 12% 12 млрд теңгені құрайды. Сондықтан көптеген өңірлер бұл қаражатқа дәрі-дәрмектерді сатып алып, емханаларда өткізген тиімді деп есептеді.

— Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде тағы қандай өзгерістер болды?

— 2012 жылдан бастап амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізімі алғаш рет қайта қаралды. Ол толықтай оңтайландырылды және ол жерден ендігі әлемде еш жерде қолданылмайтын тиімсіз дәрілер алынып тасталды. Есесіне диагностика және емдеу хаттамасымен келісілген жаңа препараттар енгізілді. Көптеген позициялардың бағасы төмендетілді. Мәселен, 95% емдеу тиімділігін беретін вирустық гепатитке қарсы жаңа препарат қосылды. Біз оны бір ресурстан тікелей сатып алу үшін БҰҰДБ-мен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. БҰҰДБ бағаны екі есеге төмендету мүмкіндігін береді. Яғни, биыл біз осы терапиямен екі есе көп емделушіні қамти аламыз. Яғни, олар (еск. емделушілер) үш ай бойы препаратты қабылдайды және іс жүзінде дендері сау болады. Біз осындай жаңа дәрілерді көбірек енгіздік.

— Людмила Витальевна, сұхбат бергеніңізге рахмет. Жұмысыңызға сәттілік пен табыс тілейміз!