Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Азаматтардың статустарын айқындау бойынша көрсетілетін қызметтер цифрландырылуда — Н. Әлтаев

17 сәуір 2018, 13:03
Фото: primeminister.kz

Азаматтардың статустарын айқындау бойынша көрсетілетін қызметтерді цифрландыру жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев мәлім етті. 

Сала өкілінің айтуынша, қазіргі таңда бұл цифрландыру төрт бағытта жүргізілуде. 

«Біріншіден, 1414 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Яғни, егер азаматтың статусы белгіленбеген болса, ол осы нөмірге қоңырау шалып, сол жерден статусын айқындай алады», — деп түсіндірді вице-министр.

Бұдан өзге, әрбір азамат egov.kz электронды үкімет порталына кіріп, бірыңғай анкетаны толтырып, өзінің статусын анықтай алады. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтары мен медициналық мекемелер, жалпы халыққа қызмет көрсететін мекемелердің барлығы актуализациялау мен ресмилендіруге қосылатын болады. Егер азамат медициналық ұйымға жүгінетін болса немесе балалары мектепке баратын болса, ал статусы айқындалмаса, оны жоғарыда аталған ұйымдардың көмегімен айқындай алады. 

«Төртіншіден, ұялы телефонға смс-хабарламалар жіберу. Бұл жұмыстар статусы белгіленбеген әр азаматтың телефонына Push-хабарламалар жіберу арқылы жүргізіледі», — деді Н. Әлтаев. 

Осыған дейін әр азаматтың статусын белгілеу үшін жергілікті әкімшіліктермен бірге үйді-үйді аралаумен оның немен айналысатыны — оқу орнында оқитыны немесе жұмыс жасайтыны анықталған. 

«Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтарға заң бойынша "ресмилендіруден өтіп, тіркел" деп жатырмыз. Өйткені болашақта оның әлеуметтік жағдайы қиындаса, көмегімізді көрсетуіміз керек.

Ал жұмыс істеп жүрген азаматтар жұмыс берушімен келісімшартқа отыруы тиіс. Олар неге жеке еңбек келісімшартын жасамайды немесе өзін кәсіпкер ретінде тіркемейді? Себебі, біріншіден, бюрократиядан қорқады, өйткені төрт мекемеге төлем төлеуі керек, одан кейін сол қағаздардың артынан жүруі керек», — деп нақтылады вице-министр.

Осы мәселені шешу мақсатында бірыңғай әлеуметтік төлем ұғымы енгізіліп жатыр. 

«Бұл бір қағазбен ғана төленетін шағын төлем. Осылайша әр азамат өзінің барлық әлеуметтік төлемдерін зейнетақы, медициналық сақтандыру аударымдарын жауып отырады», — деді ол. 

Осы орайда, «жеке тұлғаларға қызмет көрсететін жеке тұлғалар» статусы бойынша мысалы, бейресми жұмыспен қамтылғандар санатына жатқызылатын, жалданып қара жұмыс істеп жүрген азаматтар да бірыңғай әлеуметтік төлем жасауы тиіс. Ол үшін жұмыс берушінің өзі де төлей алады. 

Вице-министр статистика мәліметтері еліміз бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың саны 2 млн-ға жуық екенін көрсеткенін жеткізді. 

«Бұл тұста түсіндіріп өтетін жайт, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар жұмыссыз жүрген немесе дұрыс табысы жоқ азаматтар ғана емес, бұл санатқа компаниялардың жеке еңбек келісімшартына отырмаған акционерлері немесе құрылтайшысы да, жеке кәсіпкерлер де, ауылдағы бес-алты сиыры, аздаған малы бар азаматтар да кіреді. Сондықтан бұл жерде 2 млн азаматтың бәрі жұмыссыз жүр екен, табысы жоқ екен деп айтуға болмайды», — деді Н. Әлтаев. 

Биыл 500 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту бағдарламасы аясында еңбекке орналастыру көзделіп отыр.    

Сонымен қатар вице-министр аталған мәселе бойынша заң жобасы әзірленіп жатқанын, Салық кодексіне және басқа да заңдарға бірқатар өзгерістер енгізілетінін жеткізді.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз