Бақытжан Сағынтаев мұнай-газ саласына арналған арматура өндіретін ТМД-дағы ірі зауыттың жұмысымен танысты

16 наурыз 2017, 15:18
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Өскемен арматура зауытында болды.

Бақытжан Сағынтаев зауыттың шығаратын өнімдерімен және өндірістік қуаттылықтарымен танысты. Премьер-Министрге өндірісте жүргізілген жаңғыртулар, ағымдағы нәтижелер мен болашақтағы міндеттер туралы есеп берілді.

Өскемен арматура зауыты 1975 жылы құрылды, ол тұрба құбырлар үшін тиек арматурасын өндіретін Қазақстан Республикасындағы ірі өндіруші болып табылады, ал ТМД бойынша ірілігі жағынан - үшінші орында.

Толық циклді зауытта мұнай мен газ, бу мен су ағымдарын басқаруға арналған жоғары технологиялық жабдықтар шығарылады. Кәсіпорында сапаны бақылаудың көпсатылы жүйесі енгізілген. Зауыт өнімінің негізгі тұтынушылары ірі қазақстандық және шетел компаниялары. Кәсіпорында шамамен 600 адам қызмет етеді.

ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көрсетілген экономикалық өсімнің жаңа үлгісінің негізінде экономиканың негізгі салаларын технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру жатыр, осыған орай кәсіпорында жүргізілген жаңғырту өзекті әрі уақытылы болып табылады. 

1/3
2/3
3/3