Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді

06 сәуір 2017, 18:50
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бизнес құрылымдар өкілдерінің қатысуымен экономиканы жылдамдатылған технологиялық жаңғырту мәселелері бойынша Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауын іске асыру жөнінде кеңес өткізді. 

Отырыс барысында Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс элементтерін енгізу арқылы бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту мәселелері талқыланды. 

Белгілі болғандай, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық технологияларды қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды тарату, елімізде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді перспективалы салаларды дамыту қажеттігін атап көрсеткен. Бұл индустриялар бүгінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларды жаңа сапаға келтірген.