Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның 20 үздік көлік қызметкеріне марапаттар табыстады

05 тамыз 2016, 00:22
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Астанада Көлік қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты жиында Қазақстанның 20 үздік көлік қызметкеріне түрлі марапаттар табыстады.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин өз кезегінде теміржол саласының ардагерлерін құттықтады. 

«Көлік кешені еңбеккерлері тасымалдауды қамтамасыз етіп, ұлттық инфрақұрылым мен экономиканың жаңа саласындағы жаңа құзіреттерді дамытып, еліміздің дамуына өз еңбегімен өлшеусіз үлес қосып келеді», - дейді А.Мамин.

Оның айтуынша, 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан арқылы Қытай-Еуропа-Қытай бағытында жүретін пойыздар 2,4 есеге (177-ден 429 пойызға дейін) артты. Оған қоса, транзиттен түсетін табыс үлесі кірістердің жалпы көлемінде 35%-ға жетті. 

«Біздің күш-жігеріміз қызмет тиімділігін арттыруға және қаржы нәтижелілігін жақсартуға бағытталған. Бірінші жартыжылдықтағы операциялық табыс 34,6 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі нәтижеден екі есе артық. Өндірістік процестердің тиімділігін арттыру нәтижесінде негізгі көрсеткіштер бойынша біз ТМД елдерінің темір жолдарының арасында көш бастап келеміз», - дейді А.Мамин.

Анықтама үшін:

Темір жолшыларды құрметтеу дәстүрі КСРО-да 1936 жылы пайда болды. Тәуелсіз  Қазақстанда Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығымен Көлік және байланыс қызметкерлерінің күні тамыздың бірінші жексенбісінде атап өтіледі.