Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бизнес ортаны дамыту жұмыстары 2020 жылға қарай кәсіпкерлердің жүктемесін едәуір төмендетеді – ҚР ҰЭМ

31 тамыз 2017, 13:30
Фото: PrimeMinister.kz

ҚР Үкіметінің бизнес ортаны дамыту бойынша атқарып жатқан жұмыстары 2020 жылға қарай кәсіпкерлердің жүктемесін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы «Мемлекет басшысы Жолдауының «Бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту» екінші басымдығын іске асыру» тақырыбындағы брифинг барысында ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Тимур Сүлейменов ҚР Президентінің бизнес ортаны кеңейту бойынша тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттік реттеудің артық тұстарын қысқарту бойынша көлемді жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып өтті. 

Мәселен, бақылау-қадағалау қызметін реформалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар тексерудің қазіргі жүйесінен өзгешелігі – әкімшілік өндіріс бойынша іс қозғаусыз, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен ескерту жұмыстарын жүргізетін алдын ала бақылау жүйесін енгізу ұсынылуда. Бұдан өзге, бақылау мен қадағалаудың қайталанатын салаларының бірқатарын жою, онымен қоса тексерулер бойынша талаптардың шамамен 50% қысқарту көзделіп отыр. 

Жалпы, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды реформалау 2018 жылға қарай тексерулер санын 30%-ға, 2020 жылға қарай тағы 10%-ға қысқартуға жол ашады. 

Бұдан өзге, рұқсат беру жүйесін одан әрі оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы рұқсат құжаттарының тізімін қысқарту бойынша реформа жүргізілді, соның нәтижесінде олардың саны 708-ден 316-ға азайтылды. 

Сондай-ақ, 2016 жылы енгізілген өзін-өзі реттеу институтын одан әрі дамыту жұмыстары жалғастырылып жатыр. Бүгінде бұл үлгі ерікті түрде букмекерлік қызметте, экологиялық аудитта, салықтық кеңес беруде, өрт қауіпсіздігінде қолданысқа ие. 

Алты салада: бағалау, нотариалдық, адвокаттық, аудиторлық қызметтерде, сонымен қатар экологиялық аудит пен құрылыс жобаларын ведомстводан тыс кешендік сараптау қызметтерінде міндетті өзін-өзі реттеуді енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бизнесті ерікті өзін-өзі реттеуші ұйымдарға біріктіруге арналған ынталандырушы шараларды әзірлеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. 

Бұдан өзге, мемлекеттік сектор кәсіпорындары қызметінің, табиғи-монополиялық қызметтерінің төлеміне байланысты бизнестің жаппай шығындарын қысқарту жұмыстары жалғастырылып жатыр. 

Аталған қызметтердің бағасы мен тарифтеріне жүргізілген талдау нәтижесі мен бизнес ұсыныстарын ескере отырып, ақылы қызметтерді қысқарту мен тарифтерді қайта қарауға бағыттарлған шаралар әзірленді.