Бақытжан Сағынтаев министрлерге экономика өсімінің мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды

18 сәуір 2017, 11:55
Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысы барысында министрліктердің басшылары ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа биылғы жылдың 1 тоқсанындағы экономика өсімінің мақсатты көрсеткіштерінің орындалу барысы туралы есеп берді. 

Ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, инвестициялар және даму, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт министрлерінің баяндамаларын тыңдаған соң Бақытжан Сағынтаев 24 мақсатты көрсеткіштердің 9-ы бойынша артта қалу байқалып отырғанын атап өтті. Бұл орайда мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген қызмет түрлерімен салалар бойынша сарапшылар бағалауына сәйкес, экономиканың қосымша өсімі 0,55 пайыздық пунктке жетуі мүмкін еді. Мұны экономика өсімін қамтамасыз етуде қолда бар резервтер дәлелдейді.

«Біз мұндай тәжірибені алғаш рет енгізіп отырмыз, ешқандай себептер қабылданбайды, бізге нәтиже керек. Мемлекет басшысы орташа мерзімде экономиканың 5% өсімін қамтамасыз ету міндетін қойды. Сондықтан, министрліктердің басшыларының назарын әрбір көрсеткіштің орындалуы үшін жеке жауапкершілік жүктелетіндігіне аударамын», - деді Б. Сағынтаев.

ҚР Премьер-Министрі салалық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына мақсатты өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырды. 

Аталған тапсырманы орындауды үйлестіру ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Маминге жүктелді.