Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру Қазақстанда медициналық қызметтер сапасын арттыруға жол ашады — Е. Біртанов

10 қазан 2017, 14:15
Фото: PrimeMinister.kz

Бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина саласында жүргізіліп жатқан реформалар мен олардың қызмет көрсету сапасына әсері туралы айтып берді.

Онымен қоса, министр елімізде жедел жәрдем көліктерінің шақыртулар бойынша келу жылдамдығының арту үрдісі байқалатынын хабарлады.

«Біз жедел жәрдем бойынша жаңа бұйрық қабылдадық, оған сәйкес жедел жәрдемнің қоңырауларға қалай әрекет ететінін реттедік», — деді министр.

Оның мәліметтері бойынша, бүгінде Қазақстанда жедел жәрдемге жүгіну көлемі дамыған елдердің көрсеткіштерінен 7-8 есе жоғары. Осыған орай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем көлігі жылдамырақ келіп, медициналық көмекті барынша сапалы көрсетуі үшін бірқатар шаралар қабылдады.  

«Енді пациенттердің өміріне қауіп тудырмайтын шақыртулар жедел жәрдемнің аға дәрігерінің шешімі бойынша тұрғылықты орын бойынша емханаларға қайта жолданатын болады», — деді Елжан Біртанов.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, әрбір емханада осындай науқастар тексеріліп, емделуі үшін қызмет көрсетіп, соған ақша алатын тиісті учаске дәрігерлері бар.
Шаралар қабылданғаннан кейін, бірқатар өңірлерде жедел жәрдем көліктерінің науқастарға жету жылдамдығы артқаны байқалды.

«Мәселен, Астанада бригадалар аз да болса босай бастады, себебі адамдардың қысымын тексеру үшін үйлеріне бір күнде 5-6 рет баруды доғарды. Бұл — жедел жәрдемнің жұмысы емес, бұл — емханалардың жұмысы. Соның нәтижесінде бізде келу жылдамдығы жақсарып келеді, осылайша біз аз бригада көмегімен одан да сапалы медициналық көмек көрсетеміз», — деді министр.

Ол жедел жәрдемнің барлық бригадаларын алғашқы көмек көрсету мен реанимацияның халықаралық стандарттарына сәйкес қайта оқыту жұмыстары басталғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Елжан Біртанов денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары туралы айтты. Ол Қазақстанда осы жылдың басынан бері мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 16 шартқа қол қойылғанын, тағы бірнеше жоба конкурстық тәртіптерден өтіп жатқанын хабарлады.

Мемлекеттік қолдаудың негізгі мысалдары — жаңа жобаларға жер телімдерін беру. Бұдан өзге, ЖАО тарапынан жеке серіктестің нысан тұрғызуға жұмысайтын шығындарын төмендету үшін, инженерлік желілерді жүргізуге қолдау көрсетілетін болады.

«Ең бастысы — бұл, әрине, ұзақмерзімді қарым-қатынасқа кепіл, және бірінші кезекте, аталған нысанның мемлекеттік тапсырысқа ие болуының кепілі. Медициналық қызметті тұтынудың кепілдендірілген көлемі», — деді министр.

Сонымен қатар ол МЖӘ артықшылықтары ретінде 15-20 жылға дейін ұзақмерзімді келісімшарттарға қол қою мүмкіндігін айтты. Бұл бизнесмендерге инвестицияларының қайтарымдылығын нақтырақ жоспарлауға мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, Елжан Біртановтың мәліметі бойынша, ҚР ДСМ МЖӘ жобалары бойынша инвестициялық шығындарды өтеуге қосымша коэффициенттерді жасау үшін тарифтік саясатты өзгертуді көздеп отыр. Жалпы алғанда, сондай-ақ, МЖӘ жобаларын іске асыру медициналық қызметтер сапасын арттыруға жол ашады.  

1/8
2/8
3/8
4/8
5/8
6/8
7/8
8/8