Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша шағын несиелендіруді қаржыландыру толық көлемде мамыр айында басталады

10 сәуір 2017, 12:13

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады.

Бағдарлама аясында шағын несиелер 7 жыл мерзімге дейін және шекті мөлшерлемесі 6%-ға дейін, 8 мың АЕК-ге дейін (18 млн теңге) берілетін болады. Қалаларда шағын несиелер «Даму» КДҚ» АҚ арқылы берілетін болады. Кәсіпкерлік қызметті шағын несиелендіруге қалаларда жыл сайын 10 млрд теңгеге дейін қарастырылған.

Кепілдік әрекет етуші кәсіпкерлер үшін шағын несие құнының 50%-ына дейін, ал кәсіпті енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін 80%-ға дейін берілетін болады.

Министрдің айтуынша, қалаларда мемлекеттің атынан «Даму» КДҚ» АҚ кепілгер болады. Қалаларда шағын несиелерді кепілдендіруге 1,2 млрд теңге қарастырылған.

«Бүгінде жергілікті бюджет қаражаттары бойынша тиісті лимиттерді белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдар айқындаған. ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 наурыздағы шешіміне сәйкес, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын қаражат бойынша бюджеттік несиелендіру шарттары анықталған, биылғы жылдың сәуір айының соңына дейін қаражаттар жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі», - деді Т. Дүйсенова.

Шағын несиелендіру мен кепілдік ету тәртібін реттейтін тиісті ережелер Министрліктің 2017 жылғы қаңтардағы ведомстволық бұйрығымен қабылданған және бекітілген тәртіпте ҚР Әділет министрлігінде тіркелген.  

Істі енді қолға алып жатқан ауыл кәсіпкерлеріне «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бизнесті жүргізу негіздеріне даярлау жөніндегі бейімделген курстан өту мүмкіндігі беріледі.

Бағдарламаны насихаттау үшін әкімдіктер «Даму» КДҚ» АҚ-мен бірлесіп, еліміздің барлық аудан орталықтарындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету және Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында істі жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге мақсатты консультация беру жұмыстарын жүргізді, кеңес-семинарлар ұйымдастырылып, республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық және анықтамалық материалдар жарияланды.

Еске сала кетейік, бүгін Үкімет отырысында Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру барысы туралы мәселелер талқыланды.