Тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аса тиімділігі мен оң нәтижелерін көрсетуде

04 сәуір 2017, 11:02

Бұл туралы Қазақстан Республикасында 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы мәселе қаралған ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты. 

Министрдің айтуынша, биыл Қазақстан Республикасында 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын 2014 жылдан 2016 жылға дейінгі кезеңде жүзеге асырудың тиімділігін бағалау жүргізілген. Жалпы, соңғы 3 жыл ішінде Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру қорытындылары орташа тиімділігін көрсетті, баллдық жүйе бойынша мүмкін болатын 4 баллдан 2,66 баллмен бағаланды.  

3 критерий бойынша бағалаулар біршама жоғары болды. Мақсатты индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі 88% құрады. 

Т. Сүлейменов атап өткендей, Мәдениет және спорт министрлігінің есебіне сәйкес, соңғы 3 жылда Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 16,7 млрд теңге бағытталды, оның ішінде 14,9 млрд теңгесі немесе 89,3% игерілді.

Экономикалық зерттеулер институты Қазақстан Республикасында 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы барысы мен тұрғындардың қанағаттану деңгейін анықтау бойынша сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, сұралғандардың 85% Мемлекеттік бағдарлама туралы хабардар. Сауалнамаға қатысушылардың жартысынан көбі мемлекеттік тілді тұрақты қолданады,басым бөлігі  (63,7) соңғы кезде тіл мәдениеті жақсарды деп санайды, яғни, адамдардың тіл білімдерін, біліктіліктерін, дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін дамыту деңгейі артқан. Сұралғандардың жартысының мемлекеттік тілді оқыту бойынша оқу-әдістемелік әдебиеттердің сапасына көңілдері толады.   

Мемлекеттік бағдарламаны одан әрі жүзеге асыру аясында Т. Сүлейменов тұрғындармен мемлекеттік тілге оқытудың қолда бар мүмкіндіктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, интернет пен телевидениенің әлеуетін барынша пайдалануды, жеке секторды халықты мемлекеттік және басқа да тілдерге оқыту бойынша шараларға белсене тартуды, сонымен қатар Мемлекеттік бағдарламада Қазақстанда үш тілділікті дамытуды күшейту бойынша шараларды қарастыруды ұсынды.