И. Тасмағамбетов: Жастар – қоғамның тіршілік күші және қазіргі заманның энергиясы

02 желтоқсан 2016, 10:47
Фото: primeminister.kz

Жастар – халықтың салауатты бөлігі, қоғамның тіршілік күші және қазіргі заманның энергиясы, деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өткен Республикалық Жастар форумының пленарлық отырысы барысында.

«Жастардың білім алуына, кәсіби, ғылыми және шығармашылық өсуіне жағдай жасау – қоғамды жаңғыртуға және алға ілгерілетуге салынған сенімді инвестиция. Елбасының тапсырмасымен бүгінде елімізде мемлекет пен жастардың өзара конструктивті сұхбаты үшін қолайлы жағдай жасалған. Бүгінгі кездесудің форматы билік пен жастар арасындағы тығыз ықпалдастықтың перспективаларын анықтауға, өзекті тақырыптарды талқылау мен өзара пікір алмасуға жақсы мүмкіндік береді», - деді И. Тасмағамбетов.

Жастардың білім алу маңыздылығын айта келе, вице-премьер қазір озық білім алуға ұмтылатын заман екенін қадап айтты.

«Басты фактор – білім. Міне, сондықтан елдің жарқын болашағы мен қазақстандықтардың сапалы білім арасындағы теңдік белгісі туралы айтқанда, Президент өздерің арқылы барлық жастарды тек жаңа білімді меңгеріп қана қоймай, оны Отан игілігі үшін қолдана білуге шақырды», - деп атап өтті И. Тасмағамбетов.

Премьер-министрдің орынбасары жастардан тек талпыныс талап етілетінін баса айтты.

«Егер де өз бойыңда білімге деген терең талпыныс болмаса, онда ең үздік білім беру жүйесі де, ең білікті мұғалім де жастарға ештеңе үйрете алмайды. Ең ақылды және білімді адамның мақсат-мүддесі болмаса, қолынан ештеңе келмейді. Ең табысты адам ол жаңа білімге ұмтылатын, әрдайым алға ілгерілеп отыратын адам. Басқаша нұсқа заманауи, жоғары қарқынмен дамып келе жатқан әлем үшін тиімсіз», - деді И. Тасмағамбетов.

Сонымен қатар, Премьер-министрдің орынбасары жастар – зор зияткерлік әлеуеттің және шығармашылыққа ерекше қабілеттердің тасымалдаушысы, жастар – қоғамның әлдеқайда ұтқыр бөлігі екенін айтты.

1/3
2/3
3/3