Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысты

05 қаңтар 2017, 09:45
Фото: mfa.gov.kz

3 қаңтарда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі құқығында Кеңестің 2017 жылғы бірінші отырысына қатысты.

Отырыс барысында Қауіпсіздік Кеңесінің 2017 жылғы қаңтар айына жұмыс бағдарламасы бекітілді. Отандық делегацияны Қазақстан Республикасының Уақытша сенімді өкілі Барлыбай Садықов ұсынды.

Сол күні Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері – АҚШ, Боливия, Жапония, Италия, Қазақстан, Қытай, Мысыр, Ресей, Сенегал, Украина, Уругвай, Ұлыбритания, Франция, Швеция және Эфиопия делегациялары басшыларының дәстүрлі кездесуі болып өтті. Іс-шара 2017 жылғы қаңтар айында ҚК басқаратын Швеция Корольдігінің миссиясында осы елдің Тұрақты өкілі Олаф Скугтың төрағалығымен өтті.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Б. Садықов осы органның жұмысындағы превентивті дипломатия және сенім шараларын нығайту, ядролық қаруды таратпау, дау-жанжалды реттеу және халықаралық терроризмге қарсы әрекет ету сияқты Қазақстан үшін басымдыққа ие мәселелерді атап өтті. Осы мәнмәтінде ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 25 жыл бұрын БҰҰ қабырғасында жарияланған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы бастамасының табысты іске асырылғандығын және осы диалогты форумның Азия құрлығында қауіпсіздікті нығайтуға қомақты үлес қосып келе жатқандығын атап өтті. Отандық дипломат Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің өзектілігін атап көрсете отырып, 2045 жылы БҰҰ құрылуының жүз жылдығына ядролық қарусыз, соғыссыз және дау-жанжалсыз әлем құруға бірлесіп күш-жігер жұмсаудың маңыздылығына назар аударды.

4 қаңтарда Сириядағы (елдегі химиялық қарумен байланысты ахуал) және Ирактағы (гуманитарлық аспект) жағдай бойынша Кеңестің жабық консультациясы болды.

Айдың негізгі іс-шараларының бірі осы жылдың 10 қаңтарына жоспарланған БҰҰ ҚК-нің «Дау-жанжалдардың алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы жоғары деңгейлі ашық пікірталастары болмақ, олардың барысында Кеңес мүшелері өздерінің осы саладағы басымдықтары мен БҰҰ жаңа басшылығына қолдауларын білдіреді деп күтілуде. Пікірталастарға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының бірқатар басшылары, соның ішінде Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қатысады.

17 қаңтарда тұрақты өкілдер деңгейінде Таяу Шығыстағы жағдай, соның ішінде  Палестина мәселесі бойынша тоқсан сайынғы дәстүрлі ашық пікірталастар өтеді.

Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сәйкес, жылдың алғашқы айында брифингтер мен жабық консультациялар барысында Йемен, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африка Республикасы (ОАР), Судан (соның ішінде Дарфур және Абьей провинцияларындағы) және Оңтүстік Судан, Батыс Африка және Сахель, Мали, Чад, Сомали, Кипр, Колумбия елдері мен өңірлеріндегі ахуал, сондай-ақ Иран ядролық бағдарламасы бойынша 2231 қарарын орындау мәселелері талқыланады.

Қазақстан төрағалығымен Сомали мен Эритрея жөніндегі және террористік топтармен күрес жөніндегі БҰҰ ҚК комитеттерінің отырыстары өтеді.

2017 жылғы қаңтар айында Кипрдегі және ОАР-дағы ахуал, сондай-ақ ҚК мүшелерінің арасында бәтуаластыққа қол жеткізілген жағдайда Сирия Араб Республикасындағы химиялық қарумен байланысты ахуал бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің жоспарлы қарарларының қабылдануы күтіледі.

1/1