Қазақстан Израильмен экономиканың маңызды салаларындағы ынтымақтастығын нығайтуда

10 наурыз 2017, 18:26
Фото: kursiv.kz

2017 жылғы 8-10 наурызда қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Израиль мемлекетінде болды. Делегацияны Қазақстан-Израиль сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссияның қазақстандық бөлігінің теңтөрағасы, ҚР қаржы министрі Б. Сұлтанов басқарды.

Делегация құрамына министр Б. Атамқұлов басқарған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі және Қорғаныс министрліктерінің және т.б. ұйымдардың өкілдерінен тұратын үлкен топ кірді. Бұл топ Израильдің өнеркәсіптік нысандарын аралап, бірқатар кездесулер өткізді.

Жұмыс сапарының міндеті - Израиль мемлекетінің Премьер-Министрі Б. Нетаньяхудың 2016 жылғы желтоқсандағы Қазақстанға ресми сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыруға негізделген.

Өнеркәсіп, ақпараттық-коммуникация технологияларын дамыту, қаржы, ауыл шаруашылығы салаларында Израильдің мемлекеттік және бизнес-құрылымдарымен келіссөздер өтті.

Сапар барысында Б. Сұлтанов Израильдің қаржы министрі Моше Кахлонмен, Израильдің Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен кездесті.

Қазақстан-Израиль үкіметаралық комиссиясы Қазақстанға инвестицияларды тарту және екі елде бизнесті жүргізу жағдайын жасауға ықпал ететін құралдардың бірі болып табылады. Осыған байланысты, қаржы министрі Б. Сұлтанов үкіметаралық комиссияның теңтөрағасы ретінде бизнес қоғамдастықтың өкілдерімен кездесті.

Сонымен қатар Қазақстанның Қаржы министрлігінің өкілдерімен Израиль Үкіметінде Меркава жобасын іске асыру мысалында жалпы сервистің мемлекеттік орталығын құру, бюджеттік жоспарлау үдерістерін, мемлекеттік активтерді, мемлекеттік сатып алуды басқаруды автоматтандыру тәжірибесі қарастырылды.

Бұдан өзге, ақпараттық-коммуникациялық салада сарапшылар деңгейінде «Цифрлық Қазақстан» және «Цифрлық Израиль» мемлекеттік бағдарламалары аясында ынтымақтастықта түсінушілікке қол жеткізілді. Агротехнологиялар саласында Ауыл шаруашылығы министрлігінің сарапшылары трансферт технологиясы аясында және біріккен кәсіпорындарды құру бойынша қазақстандық және израильдік шаруалардың ортақ ынтымақтастығы үшін мүмкіндіктер қарастырылды. Денсаулық сақтау саласында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары біліктілікті арттыру, Қазақстанда израильдік сарапшылардың шеберлік-сыныптарын өткізу, қазақстандық университеттік клиникаларды израильдік компаниялардың басқаруына беру сұрақтары талқыланды.

Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы биылғы мамыр айына жоспарланған.

Анықтама:

Қазақстанның Израильмен өзара тауар айналымы (ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің ақпараты бойынша) 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары бойынша 301,9 млн долларды құрады. Оның ішінде экспорт 235,5  млн доллар, импорт 66,3 млн доллар. 2015 жылдың 12 айы ішінде экспорт – 219,073 млн долларды, импорт – 92,034 млн долларды құраған.

2005 жыл мен 2016 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығында Қазақстанға Израильдан тікелей инвестициялардың жалпы ағым көлемі 213,3 млн АҚШ долларын құрады. Инвестициялардың негізгі саласы – агроөнеркәсіп кешені, мұнайгаз секторы. 2005 жыл мен 2016 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығында Қазақстаннан Израильге тікелей инвестициялардың жалпы шығыс көлемі 13,5 млн АҚШ долларын құраған.