Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

KazakhExport-тың 2018 жылға арналған 100 млрд теңге сақтандырумен қолдауы, шетелдік өкілдіктер ашу және тағы басқа міндеттері

05 наурыз 2018, 13:17
Фото, бейне: primeminister.kz

Шикізаттық емес экспорт көлемін 2025 жылға қарай екі есе арттыру — «KazakhExport» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ алдына осындай міндет қойылды. Жұмыс қалай қойылғанын, қандай жобалар іске асырылғанын және экспортты дамыту үшін не жоспарланғанын Primeminister.kz-ке эксклюзивті сұхбатында KazakhExport Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Руслан Искаков айтып берді.

— Руслан Викторович, «ҚазЭкспортГарант» Экспорттық-кредиттік сақтандыру компаниясының «бірыңғай терезе» аясында экспортты дамыту мақсатында компанияларға көмек ұсыну үшін «KazakhExport» ұлттық компаниясына түрленгеніне жақында бір жыл толады. KazakhExport қызметінің алғашқы жылының нәтижелері туралы айтып берсеңіз. Компания алдына қандай мақсаттар қойды? Қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

— Өткен жылы біз өз мандатымыздың периметрін, яғни кімге қолдау көрсететінімізді және немен айналысатынымызды нақты белгіледік. Компания қандай бағытта дамитынын нақты түсінуі үшін қаржы, сақтандыру құралдарын ұсынумен айналысатынымыз туралы шешім қабылданды. Кіммен жұмыс жасайтынымызды айқындадық, яғни олар өңделген, шикізаттық емес тауарларды экспорттаушылар және қызмет көрсетуші экспорттаушылар. Бүгінгі таңда біз өндірістік кәсіпорындарға, өңдеу өнеркәсібіне баса назар аударамыз. Екіншіден, біз өз өнімдеріміздің желісін экспорттаушылардың сұраныстарына қарай бейімдедік, яғни экспорттау циклінің түрлі кезеңдеріндегі түрлі кәсіпорындар, нарықты байқастағаннан кейін бір-ақ олар кіммен, қандай елдермен жұмыс істегілері келетінін, не экспорттағылары келетінін түсіне бастайды. Ал, басқа кәсіпорындар керісінше өз сатып алушысын тапты, толыққанды өткізуге ие және жаңа сатып алушыларды іздеуде ешқандай проблемалары жоқ, бірақ оларда өзінің экспорттық әлеуетін дамыту үшін жаңа сын-тегеуріндер қалыптасады: өзінің жаңа тауар топтарын дамыту, жаңа желіні жаңа нарықтарға шығару, және сәйкесінше, бұл кәсіпорындардың сұраныстары мүлде бөлек.

2017 жылы біз экспорттық циклдің кез келген кезеңінде пайдалы болу үшін өз өнімдер желісімізді дамыттық, оның үстіне экспорттаушылар бір кезеңнен екіншісіне ауысып отырады. Жалпы 2017 жылы көп бөлігін әдістемелік жұмыс алды, дегенмен экспорттаушылардың өздеріне қолдау көрсету тоқтаған жоқ, және біз бір жыл бойы өңірлерді аралап, менеджментке, кәсіпорындардың иелеріне оларға қандай көмек көрсете алатынымызды, олар өз практикаларында қандай құралдарды пайдалана алатынын, осы құралдарды өздерінің маркетингтік саясатына, қаржылық стратегиясын қалай енгізе алатынын нақты түсіндіру үшін жер жерлерде, аудандарда, облыстарда және т. б. экспорттаушылармен кездестік.

— Ұлттық экспорттық стратегия шикізаттық емес экспорт көлемін 2025 жылға қарай екі есеге арттыру туралы өр міндет қойып отыр. Экспортты дамытуды күшейту үшін бизнеске қандай кеңес бересіз?

— Иә, шын мәнінде Президент өңделген тауарлар экспорты мен қызметтер экспортын 2025 жылға қарай екі есеге, аралық көрсеткішті 2022 жылға қарай бір жарым есеге арттыру туралы міндет қойды.

2017 жылдың қорытындысы бойынша өңделген экспорт ең көбі 22% өсті. Оң динамика бар, ол көбіне металдардың бағаларына байланысты, дегенмен ақырғы өнімдерді экспорттауда да оң динамика бар. Әсіресе, тамақ өнеркәсібінде жақсы динамика қалыптасты. Азық-түлік өндіретін кәсіпорындарымыз үшін Ресей Федерациясында үлкен мүмкіндіктер ашылды. Бизнеске бүгінгі таңда осы нарықтарға белсенді түрде баса назар аудару қажет. Біз қолдау көрсетуге дайынбыз, және биыл бірқатар нақты бастамалар іске асырылады, олар сонымен қатар Ресей Федерациясына біздің тауарларды өткізуді ынталандыруға бағытталады.

— 9 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Қазақ Экспорт» компаниясының қайта өңдеу өнеркәсібіне трансұлттық компанияларды тартудағы маңызды рөлін атап өтті. Осы бағытта қандай жұмыс жасалып жатыр? Мемлекет басшысының осы тапсырмаларын ескере отырып, ұлттық компанияның жұмысы қайта бағдарлана ма?

— Біз Kazakh Invest-пен тығыз ынтымақтастық орнаттық, себебі олар Қазақстандағы трансұлттық компанияларды көретін бірінші тұлға болып табылады. Әрине, Қазақстанға халықаралық ойыншылар келгенде оларға қандай аумақ әлеуетті өткізу нарығы екенін білу өте маңызды. Және біздің әлеуетті инвесторлар Қазақстаннан бөлек, олар осы жерден Орталық Азияға сауда жасап қана емес, бірақ Қытайға, әсіресе батыс өңірлерге, және Ресей Федерациясына нақты сауда жасау әлеуетін көреді, онда көптеген еуропалық және америкалық компаниялар санкциялардың әсерінен Ресей нарығына кіре алмайды. Оларға бұл нарық өте қызықты, олар одан айрылып қалғысы келмейді, сондықтан Қазақстан осы тұрғыдан олардың қызығушылығын тудырады. Және оларға кәсіпорындарды осы жерде құрған жағдайда, көршілес нарықтарға қалай сататынын, мұнда қандай қолдау көрсету құралдарын пайдалана алатынын түсінген маңызды, сондықтан біз «Kazakh Invest» ұйымдастырған барлық ірі іс-шараларға ылғи қатысамыз, себебі бізге компания акционері болып табылатыны маңызды емес: қазақстандық немесе шетелдік инвестор, біз үшін олардың бәрі бірдей қызықты және басымдықты. Біз үшін басты қағидат – кәсіпорын қосымша құн салығы жоғары өнімдер өндіру қажет, шикізаттық емес тауарлар, өңделген тауарлар немесе қызметтер экспорты болуы керек.  

— Өткен жылдың тамыз айында Ұлттық экспорттық стратегияны қабылдау кезінде ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов KazakhExport өкілдіктері еліміздің барлық өңірлерінде дерлік ашылатынын мәлімдеген болатын. Осы бағытта қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Барлық жерде ашылса, бизнес өңірлердегі сол бөлімдерге қалай шыға алады?

— Біз өңірлермен қалай жұмыс жүргізу керектігі туралы кешенді талдау жасадық. Яғни, бұдан өзге, тұрақты түрде өңірлерге барамыз, тікелей экспорттаушылармен кездесеміз, бірақ жер жерлерде өкілдеріміздің болғаны дұрыс.

Бүгінгі таңда өңірлерде барлық салаларды, бизнестің барлық сегменттерін іс жүзінде толықтай қамтитын жеткілікті үлкен инфрақұрылым жасалған. Мәселен, «Даму» қорындағы әріптестеріміздің барлық өңірлерде бөлімшелері бар және олардың кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары консультациялық қызметтер көрсетеді, қажетті ақпаратты ұсынады. Біз бұл жұмысты былтыр бастадық. «Атамекен» ҰКП да қамту ауқымы бойынша осыған ұқсас инфрақұрылымға ие. ҰКП-мен де біз тығыз ынтымақтастықтамыз, кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнатып, оларға біздің өнімдер жайлы да толыққанды ақпарат беруі үшін, осы жылы «Даму» қорының және «Атамекен» ҰКП консультанттарына арналған оқыту курстарын өткіземіз. Одан кейін әр өңірге жауапты болатын, орталық офисте отырып жұмыс істейтін, экспортшылармен тікелей байланыс орнататын қызметкерлерді дайындаймыз.

Негізінде, мұндай байланыс арнасы қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, және ол өте тиімді нәтижесін көрсетуде, себебі біздің клиенттік базамызды қарастыратын болсақ, бізде әрбір өңірде қызмет пен қолдау алып жатқан клиенттер, кәсіпорындар бар. Мұндағы қарама-қайшылық тудырып отырған мәселе — біздің компанияның оларға қызмет көрсететін менеджері мыңдаған шақырым жерде қашықтықтан жұмыс істейді, әрине, бұл жұмысқа кедергі келтіреді. Бүгінде цифрлық технологиялар әлемі, ол осы қашықтықтардың барлығын уақыт тұрғысынан секундқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. 

«Digital Baiterek» жобасының аясында жасалып жатқан екінші бағыт — біз бірыңғай терезе құрамыз. Жалпы, аталған жоба «Атамекен» ҰКП-ның ірі жобасының шеңберінде жүзеге асырылады. Ол не береді? Кәсіпкер бір портал аясында тек «Бәйтерек» холдингінің ғана емес, сондай-ақ, барлық даму институттарының қолдау құралдарын көре алады және экспорттаушылардың жекелеген бөлігінде осы порталда бірқатар қызметтер іске асырылған, яғни, ол осы портал арқылы қажетті қызметті пайдалана алады. Бүгінде өз қалаңыздағы КҚКО-ға барудың да қажеті шамалы, қызмет түрлерін кабинеттен шықпай-ақ алуға болады. Кәсіпкерлерге одан әрі жақындай түсу үшін, аталған инфрақұрылымды бұдан да жақсырақ дамыту шараларын жалғастыратын боламыз. 

— Іс жүзіне асырылған жобалардың ең жарқын мысалдары туралы айтып берсеңіз.

— Мысалға, Алматы облысында автокөлік аккумуляторларын шығаратын ірі зауыт бар, экспортқа таралу аумағы өте кең. Бұл ТМД елдері мен Ресей ғана емес, сондай-ақ, алыс шет елдері.

Шымкентте қызық жолмен табылған біздің клиентіміз бар. Ресей Федерациясында іссапарда жүрген біздің қызметкеріміз бір дүкеннен Қазақстанда шығарылған төсек-орын тысын көріп, заттаңбасын суретке түсіріп, сол жердегі байланыс нөмірі бойынша кәсіпкерге хабарласқан. Біз өзіміз ұсынатын құралдар туралы айттық, ол өз проблемалары жайында сөз қозғады. Оның айтуынша: «Мен төсек-орын тыстарын шығарамын, бір жыл бойы «IKEA»-мен жұмыс істедім және келісімшартқа қол қойдым. «IKEA» мен шығаратын барлық нәрселерді сатып алады, бірақ менің айналым капиталым жеткіліксіз». Біз оған алдын-ала экспорттық қаржыландыру құралын ұсындық, қазір оның сатылым өсімі өте қомақты деуге болады. Бұл кәсіпкердің осындай ірі компаниямен өз бетінше жұмыс істеп, оларды сапалы өніммен қамтамасыз етуі, алайда ішкі проблемаларының туындауы біз үшін қызықты оқиға болды. Түрлі аймақтарда осындай ерекше оқиғалар болып тұрады.

— Мәлім болғандай, бірнеше шетелдік өкілдіктерді ашу жоспарланған болатын, бүгінде қай елдерде бар немесе бұл жұмыс әлі де қалыптасу сатысында тұр ма?

— Екінші жартыжылдықта нарықтардың басымдықтары бойынша бөлінген, Қазақстанның экспорттық стратегиясына сәйкес өкілдіктердің алғашқы толқынын ашамыз. Әрине, алғашқылардың бірі Батыс Қытай болып қала бермек, бұл біздің шекараға жақын орналасқан аудандар, ең алдымен Үрімші болуы мүмкін. Алдымен кәсіпкерлерімізде туындайтын тілдік кедергілерді еңсеру қажет. Қытаймен жұмыс істеу түсіну, ақпарат жинау және т.б. тұрғысынан өте күрделі. Сондықтан да ішкі нарықты, кәсіпкерлер қоғамын білетін, жергілікті кәсіпкерлермен күнделікті байланыс орнатып, қандай мүмкіндіктер бар екенін айтып, сонымен бірге кері байланыс орнататын, яғни біздің кәсіпкерлерімізге не ұсынуға болатынын немесе бізден не күтілетінін хабарлап отыратын адам керек.

Екіншісі — Ресей Федерациясы. Бізде шекара маңындағы аймақтарда үш өкілдік ашылады: Сібір, Орал және Еділ бойы өңірлері. Кәсіпкерлеріміз дәл осы өңірлердің тұтынушыларымен көптеген келісімшартқа отырған, сол себепті де әлеуеті өте жоғары.

Біз Татарстанның сауда желілерінің бірімен тікелей келіссөз жүргізуге тырыстық, олар бізде бар әлеуетке таңқалды. Қазақстанда 40 азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарымен кездесу ұйымдастырылды. Олар үшін бұл жаңалық болды. Қазіргі таңда 10-ға жуық кәсіпорын оларға өз тауарларын жіберуде. Біз осы бағытта басқа өңірлермен де қарым-қатынасты дамытамыз, сатуды ынталандыру бойынша қолжетімді құралдарымызды ұсынуды жалғастырамыз.

Әрине, Орталық Азия мен Кавказ да — басымдықты нарықтар.

Бұдан өзге, 2019 жылы Иранда да өкілдік ашылады деп көзделген.

— 2018 басталды, екі ай бойы жұмыстар жүргізіліп жатыр, дегенмен ұлттық компанияға жүктелетін биылғы жылдың басты міндеттері қандай? Жылдың аяғына дейін қандай нәтижелер күтіледі?

— Негізгі міндет немесе негізгі көрсеткіш – экспорттаушыларға көрсетілетін қолдаудың көлемі. Егер 2014 жылдағы көрсеткіштерді салыстырсақ, жылына 5,5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген болса, 2017 жылы біз 40 млрд теңгеден астам қаржы бөлдік, ал биыл біз 100 млрд теңгеге жуық сақтандыру қолдауын ұсынуымыз қажет. Бұл негізгі көрсеткіш.

Екіншісі — жүйелік жұмыс. Біріншіден, «Бәйтерек» холдингіне жақын болу үшін бас кеңсені Алматыдан Астанаға көшіру керек. Себебі, біздің бірлесіп іске асыратын құралдарымыз өте көп, мәселен ҚДБ-мен (Қазақстанның даму банкі) бірқатар экспорттаушылар біздің бірлескен өнімдерімізді алады. Екіншіден, бізде аграрлық-несиелік корпорациясымен 2017 жылы бастау алған жаңа бағдарлама бар, онда бүгінде екі мәміле жасалды. Қазіргі таңда бізде қиылысатын салаларда, яғни, шикізат өңделетін өңдеу өнеркәсібінде жобалардың толық жоспары жасалды.

Үшіншіден, шетелде өкілдіктер ашылады. Бұл өте ауқымды әрі еңбекті көп қажет ететін жұмыс.

Төртiншiден, бiз «Бәйтерек» холдингімен бірге атқаратын – цифрландыру шаралары, яғни, экспорттаушылар кабинеттен шықпастан, интернет арқылы қызметтерді ала алуы үшін «бірыңғай терезені», цифрлық порталды дамыту жұмыстары. 



Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз