Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

«Қазгидромет» мамандары Астанада финдік ноу-хауды сынақтан өткізу туралы айтты

05 қазан 2017, 12:00
Астана

Сараптамалық жұмыс тобы елімізде қолдану ықтималдығымен «Экспо-2017» көрмесінен іріктеп алған 130 энергетикалық жоба арасында ең көлемділерінің бірі — Финляндия павильонында ұсынылған, экологиялық мониторингтің инновациялық стансасы. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында «Қазгидромет» РМК зертханасының басшысы Дана Аманбаева айтты.

«2017 жылдың 11 шілдесінен бастап Астана қаласының ауа сапасын бақылауға арналған автоматтық бекетінде Финляндияда шығарылған бір Vaisala құрылғысы орнатылған. Ол ҚР жағдайларына бейімделу деңгейін тексеруге және қазіргі таңда ауа сапасына мониторинг жүргізуде қолданылып жүрген, Ресейде шығарылған құрылғылармен деректерді салыстыруға арналған», — деді Д. Аманбаева.

Сонымен қатар «Қазгидромет»  өкілі финдік ноу-хаудың артықшылықтарына тоқталып өтті: құрылғылардың көлемі шағын, мобильді, қаланың кез келген жеріне оңай орнатылады, мәселен, бағанаға, қабырғаға немесе ғимарат шатырына орнатуға болады, сол себепті де арнайы жер телімін бөлуді қажет етпейді. Бұдан өзге, аталған құрылғы жоғары дәлдікке ие, олқылық жіберу деңгейі 1–3%-ды құрайды, бұл осындай құрылғылар үшін өте жақсы көрсеткіш. Құрылғы күн тақталарының арқасында аз энергия тұтынады. Сонымен қатар «Қазгидромет» үшін ауа сапасын бақылайтын құрылғыларды қосымша метеопараметрлермен құрамдау мүмкіндігі өте маңызды, себебі ластануды анықтау кезінде жел жылдамдығын, бағытын және қоршаған ортаның өзге де параметрлерін білу қажет.

Спикер құрылғының артықшылықтарынан өзге, оны қолдану процесінде анықталған кемшіліктері туралы да айтып өтті. Мәселен, құрылғының қазіргі жиынтығында күкіртті сутек пен азот оксидін анықтайтын сенсорлары жоқ, олар ірі қалалардың ауасын бақылау үшін қажетті негізгі құрауыштар. Дегенмен, Vaisala компаниясы 2017 жылдың соңына дейін осы жетіспейтін сенсорларды енгізу жұмыстарын аяқтауды көздеп отыр.

«Жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша Vaisala құрылғылары мен «Қазгидрометтің» экологиялық мониторинг желісіне орнатылған газ талдауыштардың салыстырмалы көрсеткіштері жарияланады», — деп сөзін түйіндеді Д. Аманбаева.

Анықтама:

«Қазгидромет» РМК Vaisala Group компаниясымен 2005 жылдан бері қызмет істеп келеді. «Экспо-2017» аясында финдік серіктес атмосфера ауасының сапасын анықтайтын AQT-420 автоматты құрылғысын таныстырды. Ол азот диоксиді, көміртек оксиді, күкірт диоксиді, озон, РМ-2,5 және РМ-10 қалқыма бөлшектері секілді алты ластағыш заттың концентрацияларын автоматты режимде өлшейді.