К.Мәсімов өзінің орынбасарлары және Кеңсе басшысы арасындағы міндеттемелерді бөлу туралы өкімге қол қойды

10 тамыз 2016, 00:24

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов өзінің орынбасарлары және Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы арасындағы міндеттемелерді бөлуді бұйырды.

Кәрім Мәсімов «Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі, Премьер-Министрдің орынбасарлары және Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы арасындағы міндеттемелерді бөлу туралы» өкімге қол қойды.

Құжатқа сәйкес Премьер-Министр жетекшілігіне экономикалық, қаржы, фискальдық, кеден саясаты, мемлекеттік бюджет, мемлекетаралық қатынастар мен халықаралық ынтымақтастық мәселелері, шетел инвестициясын тарту және инвестициялық климатты жақсарту және басқалары кіреді.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың міндетіне экономика мен өңірлік саясатты жедел басқару, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану, құрылысты және ТКШ дамыту мәселелері енгізілді. Сондай-ақ бірінші вице-премьер төтенше жағдай және жұмылдыру жұмыстары, қорғаныс-өнеркәсіптік кешенді, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту,  жылыту маусымдарына дайындалуға және өткеруге, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмеге және т.б. жетекшілік етеді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваға білім және ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік жаңғырту, әлеуметтік саясат, жұмыспен қамту, дін, ақпарат, спортты, мәдениетті дамыту және т.б. бекітілді.

Премьер-Министрдің орынбасары - ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, су ресурстары, орман шаруашылығы, жануарлар әлемі және т.б. мәселелерге жетекшілік етеді.

ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы Ерлан Қошанов ақпараттық-талдау, құқықтық, ұйымдастырушылық, хаттамалық, құжаттамалық материалдық-техникалық және Премьер-Министрді және Үкімет басшылығын қамтамасыз ету мәселелерін шешуді және т.б. жүзеге асырады.

Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы Үкімет шешімдерін дайындау, оларды орындауды ұйымдастыру бөлігінде, мемлекеттік және орындаушылық тәртіпті сақтау, мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіреді.

Өкімде министрлер олар басқарып отырған мемлекеттік органдардың нәтижеге бағдарланған Қазақстан Республикасы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес стратегиялық басымдықтар мен құжаттарды іске асыру бойынша қызметтеріне дербес жауапты болатыны белгіленген.