ДДСҰ Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау саласын дамытуға қолдау көрсетеді

25 сәуір 2017, 14:55

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы елдік кеңсесінің өкілі Татьяна Колпакова хабарлады.

Қоғамдық денсаулық сақтау алғаш рет 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына жеке бағыт бойынша қосылған.

«Бүгінде денсаулық сақтау секторының шегінен тыс жатқан, денсаулық аспектілеріне назар аударатын уақыт келіп жетті. Қоғамдық денсаулық сақтау шаралары барлық халық тобына әділ әрі тең қолжетімді болады», - деп хабарлады Т. Колпакова.

Осыған орай, ДДСҰ барлық шараларға белсенді қатысып, елге қажетті техникалық көмекті көрсетуге тырысады. 

Сондай-ақ, ДДСҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің өкілі Т. Колпакова ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы ДДСҰ-мен бірлесіп атқарған жұмыстарды ескере отырып, бүгінде қоғамдық денсаулық сақтауды дамытудың үлгісін ұсынып отырғанын айтып өтті. 

ДДСҰ ҚР сарапшыларының қоғамдық денсаулық сақтау әлеуетін құру жөніндегі халықаралық кеңестерге қатысуына, Қазақстан Республикасы жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің бар болуына және оның қызмет етуіне, сондай-ақ, облыстық деңгейдегі осыған ұқсас құрылымдарға, Қоғамдық денсаулық сақтаудың ұлттық институтын құруға қолдау білдіреді.