Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша видеодайджест

30 маусым 2017, 17:55

Сәрсенбі күні, 28 маусымда, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды.

Жұмыс сапарының басты мақсаты – Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын түсіндіру мен олардың іске асырылу барысымен танысу.

Бақытжан Сағынтаевтың жұмыс сапарының кестесіндегі маңызды шаралар облыс активімен, өңірлік бизнес қауымдастық өкілдерімен және зиялылар қауымымен кездесу болды. Онда экономиканың базалық салаларын жаңғырту, АӨК дамыту, өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлік, сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру мәселелері қаралды. Әртараптандыру, технологиялық жаңғырту және экономиканы цифрландыру, сонымен қатар базалық салалардан жұмыстан босатылған жұмыскерлерді сервистік экономикаға көшіруді басқару мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Өңірге келген бойда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Сырдария өзенінде орналасқан гидротехникалық құрылысқа барып, Мемлекет басшысының тасқын суды жинау және суарылатын жерлердің көлемін арттыру бойынша тапсырмаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Бақытжан Сағынтаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық барысымен танысу үшін көпбейінді балалар ауруханасына барып қайтты.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының арасынан «Нұр Шұғыла» балабақшасына барды, оны мысалға ала отырып, өңірде білім беру саласындағы МЖӘ жобаларының іске асырылуы туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, Премьер-Министр «Арай» спорт-сауықтыру кешеніне барды.

Бақытжан Сағынтаевқа облыстың өз ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлеріне консультациялық көмек көрсету туралы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында баяндалды.

Күннің екінші жартысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев құрылыс-қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысу үшін «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнының шахтасына түсті. Одан кейін Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен «Тау-Кен Самұрық» АҚ мен ЕҚҚДБ арасында тау-кен байыту комбинатының құрылысын қаржыландыру туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.

Сол күні Бақытжан Сағынтаев облыстың Жаңақорған ауданындағы Сығанақ қалашығының археологиялық жұмыстарымен танысты, онда өңірдің ғылыми және шығармашылық зиялыларымен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жобаларын іске асыру мәселелерін талқылады.