Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Мемлекет басшысы Астанадағы жаңажылдық қайырымдылық балына қатысты

28 желтоқсан 2017, 21:39
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы кешке қатысушыларға арнаған сөзінде Жаңа жыл мерекесі әрдайым көтеріңкі көңіл-күй мен бақытты болашаққа деген үміт сыйлайтынын атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

«Өтіп бара жатқан жыл жарқын және ауқымды оқиғаларымен есте қалады. Қысқы Универсиада мен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі қазақстандықтарға және шетелдік қонақтарға спорт пен технологияның тамаша мерекесін тарту етті. Біз Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитін жоғары деңгейде өткіздік», — деді Қазақстан Президенті.

Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде еліміздің бейбіт бастамаларын ілгерілету мәселелеріне және алдағы жылы Қазақстанның осы халықаралық ұйымға төрағалық етуінің перспективаларына ерекше тоқталды.

«Бұл – әлемнің екі жүзге жуық елінің жас мемлекетке білдірген айрықша сенімі. Келесі жылы Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, сондай-ақ басқа да көптеген маңызды іс-шаралар өтеді. Бұл жеңістердің барлығы – әрқайсымыздың күш-жігеріміз бен қажырлы еңбегіміздің нәтижесі. Әрбір азаматымыз Қазақстанның жетістіктеріне қатысы бар екенін сезінгені маңызды», — деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев кешке қатысушыларды келе жатқан жаңа 2018 жылмен құттықтап, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, қуаныш пен шаттық тіледі.

«Бәріміздің үйіміз мейірім шуағына бөленіп, бақ-берекеге толы болсын!», — деді Қазақстан Президенті.

Жаңажылдық балды өткізуден түскен қаражат қайырымдылық мақсатқа бағытталатын болады.