Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Мемлекет басшысы Мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсіміне қатысты

04 шілде 2017, 16:27
Фото: akorda.kz

Елбасы әрбір қазақстандық үшін мемлекеттік ту ерекше маңызға ие екенін айтып, еліміз тәуелсіздік жылдарында абыройлы даму жолынан өткеніне тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

«Біз елорда күні қарсаңында мемлекеттік туымызды көтеру рәсімін дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. 25 жыл ішінде біз Қазақстанды бір тудың астына біріккен біртұтас ұлт ретінде қалыптастыра алдық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаһандық технологиялық дамудың алдыңғы шебінен табылуға ұмтылатынын айтып, еліміздің экономика және спорт салаларындағы жетістіктеріне ерекше атап өтті.

«Қазақстанның көк байрағы әлемнің көптеген ірі ареналарында ұлттық жеңісіміздің салтанатында желбірейді. Біз елімізге деген шынайы қуаныш пен мақтаныш сезіміне толы сәттерге Алматыда өткен Қысқы универсиада ойындарының барысында куә болдық. Аспан түстес көк туымыздың астында Қазақстан бүкіл әлемге танылды», - деді Қазақстан Президенті.

Елбасы Қазақстанның жаһандық үдерістерге белсенді атсалысып отырғанына назар аударып, еліміз халықаралық аренада бітімгершілік қызметті жалғастыра беретінін айтты.

«Біз қақтығысып жатқан тараптарды келісімге келіп, татуласуға шақыратын мемлекетке айналдық. Сол арқылы беделіміз де артып келеді. Біз жер бетінде бейбітшілік орнату үшін күресіп, ядролық қарудың жойылуына атсалысудамыз. Біз сенімге ие болып, біртұтас әрі толерантты қоғамда өмір сүрудеміз. Сондықтан мұнда әлемдік дәстүрлі діндердің съезі өтіп отырады», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бірлік еліміздің одан әрі дамуының және алдымызға қойған барлық міндеттер мен бағдарламаларды іске асырудың негізі екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Елбасы Астананың тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рөлі мен мәнінің жоғары екенін айтты.

«Астана – мүмкіндіктеріміздің, халқымыздың ұлылығы мен ауызбіршілігінің нышаны. Елордамыз – Орталық Азия мен Азия құрлығының маржаны. Біз бас қаламызды сүйеміз, ал қонақтарымыз оған таңырқай қарайды», – деді Қазақстан Президенті.

Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы еліміздің жоғары әскери оқу орындары – Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері Әскери институтының, Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының, Ішкі істер министрлігі академиясының, Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан Әскери институтының, Ішкі істер министрлігі Көкшетау техникалық институтының үздік түлектеріне офицерлік шендер тапсырды.

Қазақстан Президенті жоғары әскери оқу орындарының барлық түлектеріне отанымызға қызмет ету және қазіргі әлемдегі үдерістер жағдайында ұлтымыздың мүддесін қорғау парызы жөнінде айтты.

«Сіздерден офицерлік міндетті мүлтіксіз орындау талап етіледі, қайда жерде болмасаңыздар да, туымызды қорғап, оны биікте ұстауға тиіссіздер. Сіздерге күрделі әрі жауапты миссия жүктеледі, ол – азаматтардың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ету және еліміздің ұлттық мүддесін қорғау», – деді Елбасы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ту көтеру рәсімінен кейін елорда күні құрметіне арналған мерекелік іс-шаралардың басталатынын айтып, барша жұртты келе жатқан мейраммен құттықтады.

1/2
2/2