Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Мемлекеттік органдардың басшылары бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу шаралары туралы баяндады

03 қазан 2017, 09:40

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында әлеуметтік маңызды тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуіне жол бермеу шаралары қаралды.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2017 жылы ішкі бағаларға теңге девальвациясының ауысу әсері аяқталып қалғанын айтты. Қазіргі таңда азық-түлік тауарлары мен халыққа ақылы қызметтер ұсыну секторында өсімнің бірқалыпты қарқыны байқалады. Ұлттық банк жыл қорытындысы бойынша инфляция мақсатты дәліз ішінде 6-дан 8% деңгейінде қалады деп болжауда. Ұлттық банк 2018 жылға аса төменгі мәнде инфляция бойынша 5-тен 7%-ға дейін мақсатты бағдар бекіткен. 2020 жылға қарай Ұлттық банк инфляцияның 4%-дық деңгейге дейін бәсеңдеуін күтеді. Қазіргі таңда қабылданып жатқан барлық шаралар аталған мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай өнімдерінің ішкі нарығы үшін 111,1 млн тонна мұнай өңделгенін, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға жоғары екенін мәлімдеді. Автобензин өндірісі 2 млн 270 мың тоннаны құрады, бұл да 2016 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен жоғары. АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы қаңтар айында литріне 135 теңге тұрды, қыркүйекте баға орта есеппен 150 теңгеге дейін өсті, өсім 11%-ды құрады. АИ-92 бензині бойынша импорт үлесі шілде-тамыз айларында 15%-дан қыркүйекте 30%-ға дейін ұлғайды. Бұл мұнай өңдеу зауыттарында жаңғырту жұмыстарының аяқталуына орай жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты болды.

Сәйкесінше, осыған орай ішкі нарыққа жеткізудің азаюы мен импортқа шығарудың артуы байқалады, бұл бағаның өсуіне ықпал етті.

Энергетика министрлігі нарықтағы баға жағдайын мұқият қадағалап отыр, мәселен, бірнеше жанар-жағармай станцияларына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар ағымдағы жағдайды ретке келтіру бойынша қадамдар жасалып жатыр.

Шымкент МӨЗ-де қазан айында өңдеу жоспары 110 мың тоннаға ұлғайтылды, бұл ішкі нарықты бензин және дизельдік отынмен қосымша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық жанар-жағармай станцияларының жұмысы есебінен, қараша айында АИ-92 бензині бойынша импорт үлесін 30%-ға, және желтоқсанда 20%-ға дейін төмендету көзделіп отыр, осылайша қазіргі жағдай тұрақтандырылады.  

Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов өнімдік тұрақтандыру қорларының жұмысы өткен жылмен салыстырғанда барынша жүйелі болғанын әрі бұл әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының өсімін шектейтінін айтты.

11 шілдеде өткен ҚР Үкіметі отырысы барысында әкімдіктерге тұрақтандыру қорлары үшін өнімдер сатып алу тапсырылған болатын. Қазіргі таңда әкімдіктерге аталған жұмысты жандандырып, осы жылдың 15 қарашасына дейін аяқтау қажет.

Сондай-ақ, отырыс барысында Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Төлеген Сәрсембаев және Астана әкімі Әсет Исекешев сөз сөйледі.

Бақытжан Сағынтаев барлық салалық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға тауарлар мен қызметтерге, әсіресе әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына баға өсімі мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.