Алматы мен Ташкент арасында «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы қатынайтын болады

18 наурыз 2017, 09:57
Фото: temirzholy.kz

Ташкентте «ҚТЖ» АҚ» ҰҚ мен «Узбекистон темир йуллари» АҚ делегацияларының кездесуі аяқталды. Онда бастапқыда екі ел үкіметтері уағдаласқан № 1/2 «Алматы-Ташкент» халықаралық жүрдек пойызын шығару туралы келісімді жүзеге асырудың техникалық мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша төмендегі мәселелер пысықталып, шешімін тапты:

  • мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларды алып жүретін адамдарға арналған орындарға 70% көлемінде өзара жеңілдік беру туралы;
  • қол жүктері мен жүк багаждарын тасымалдау тәртібі туралы;
  • № 1/2 «Алматы-Ташкент» жүрдек пойызының қатынау кестесі туралы және т.б.

Наурыз мерекесінің қарсаңында жаңа тұрпаттағы кең кузовты «Тұлпар-Тальго» вагондарынан тұратын № 1/2 «Алматы-Ташкент» жүрдек пойызының жолға шығатынын естеріңізге саламыз.

Пойыз Алматыдан дүйсенбі мен сенбі күндері, ал Ташкенттен сейсенбі мен жексенбі күндерінде қатынайтын болады.

Жолда жүретін уақыты шамамен 16 сағат 30 минут. Аялдайтын бекеттері: Отар, Шу, Тараз, Шымкент, Сарыағаш және Ташкент.