Қ. Әбдірахманов: Елбасының бағдарламалық мақаласы әлем қауымының зор қызығушылығын тудырды

18 мамыр 2017, 15:12
Фото: primeminister.kz

Қазақстан СІМ шет елдерде отандық маңызды мәдениет және өнер нысандарын дәріптеу жұмыстарын қолға алды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығындағы брифингте ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдеді.

Аталған жұмыс шетел жұртшылығы арасында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын түсіндіру аясында жүргізіліп жатыр.

«Айта кету керек, Президенттің бағдарламалық мақаласы әлем қауымының, оның ішінде сарапшылар, өнертанушылар, әдебиетшілер арасында зор қызығушылық тудырды», - деді Қ. Әбдірахманов.  

Халықаралық ауқымдағы маңызды міндеттердің бірі «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру болып табылады.

«Тиісті даярлық жұмыстары жүргізіліп жатыр, соның ішінде біздің шетелдік елшіліктер де қажетті жұмыстарды атқаруда. Президенттің мақаласында баяндалған мақсаттарға сәйкес, замандастарымыз шығарған маңызды әдебиет, драматургия, опера, балет, музыка, кино, бейнелеу өнері, мүсіндік шығармаларын дәріптеуге мемлекет баса мән беретін болады. Бұл, яғни, аударма жұмыстары, кітап басып шығару мен оны таныту, мультимедиялық контент өндірісі, гастрольдік сапарлар, көрмелер мен өзге де шараларды ұйымдастыру», - деді Қ. Әбдірахманов.

Сондай-ақ, мәдениет пен өнерге мамандандырылған шетел журналистеріне Қазақстанда бірқатар баспасөз турларын ұйымдастыру жоспарда бар.