Құс тұмауы мен малдардың басқа да жұқпалы ауруларының алдын алу ҚР АШМ-нің айрықша бақылауында

16 мамыр 2017, 16:05
Фото: primeminister.kz

Қазақстанда құс тұмауы мен малдардың басқа да жұқпалы ауруларының алдын алу мұқият қадағаланады. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Т. Рахымбеков мәлімдеді.

Қазақстанда шамамен 37 млн құс бар, оның шамамен 4,5 млн-ы жеке аулаларда асыралады. Қалған құстар жабық құс фабрикаларында асыралып жатыр, онда құстардың сыртқы ортамен қатынасы шектелген.  

«Жыл сайын барлық 4,5 млн құсқа қажетті қаражат бөлінеді, бұл шамамен 500 млн теңге және жыл сайын вакциналау, яғни заманауи профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі», - деп атап өтті Т. Рахымбеков.

Қазақстандық ветеринарлық қызмет көршілес мемлекеттердегі эпизоотикалық жағдайды мұқият қадағалайды және ол жерлерде мал ауруларының ошағы пайда болған жағдайда жедел шаралар қабылдайды. Егер қандай да бір аурудың таралуы байқалса, ол туралы іргелес мемлекеттер ақпараттандырылады, әрі ақпарат алмасу жедел жүреді. Сондықтан, қажет болған жағдайда Қазақстан мұндай өңірлерден мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуді уақтылы тоқтатады. 

1/2
2/2