Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына жыл басынан бері 80 мың адам қатысты

10 сәуір 2017, 11:56

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысы барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.

2017 жылдан бастап Қазақстанда қажетті кәсіптер мен кәсіпкерлік негіздері дағдыларына жаппай оқыту мен үйретуді, несиелендіру арқылы жаппай кәсіпкерлік үшін жағдайлар тудыруды, жұмысқа орналастыруға ықпал ету және еңбекке жұмылдыруды қолдауды қарастыратын Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. 

«5 сәуірдегі жағдай бойынша бағдарламаға 80 мың адам қатысты, оның ішінде 75 мың (94%) жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 5 мың (6%). Бағдарламаны жүзеге асыру аясында 48 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Тағы 31 мың адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс берушілермен бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды», - деді Т. Дүйсенова.

Биыл 21 мыңнан астам жас қазақстандықты техникалық және кәсіптік біліммен қамту жоспарланып отыр. Бұл орайда мемлекет олардың оқу ақысын төлеп, білім алушыларға шәкіртақы төлейді, жол ақысы мен тұрғылықты жерлерінің ақысын өтейді, сонымен қатар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Оқыту электр-газ дәнекерлеуші, аспаз, жөндеуші слесарь, электр монтері, мал дәрігері, есепші, электрик, монтажшы, тігінші т. с. с. мамандықтар бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап колледждердің, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтарының, кәсіпорындардың оқу орталықтарының қысқа мерзімді курстарында 650 адам оқып жатыр.   

Министр атап өткендей, еліміздің 5 аймағында пилоттық режімде мобильді оқу орталықтары арқылы қысқа мерзімді кәсіптік оқыту апробацияланады. Оқытумен 26 мың қазақстандықты қамту көзделіп отыр. Бағдарламаның бірінші бағытын жүзеге асыру үшін 11,6 млрд теңге бөлінеді.

Бағдарламаға қатысушылар үшін қалаларда несиелер «Даму» қоры арқылы, ал ауылдар мен шағын қалаларда – Ауыл шаруашылығын қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы беріледі. Берілетін несиелер сомасы 5 жыл мерзімге дейін (мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтері – 7 жылға дейін) және жылдық мөлшерлемесі  6% дейін 8 мың АЕК (18 млн теңгеге дейін) арттырылады. Сонымен қатар несиелердің қолжетімділігін арттыру мақсатында заңды тұлғалардың оны алу үшін тапсыратын құжаттары - 30-дан 14-ке дейін, заңды тұлғалар үшін - 9 құжатқа дейін қысқартылды.

Бағдарламаның екінші бағытын жүзеге асыру үшін биыл 38,5 млрд теңге қарастырылған. Биыл  5,8 мың шағын несие беріп, кәсіпкерлік негіздеріне 15 мың адамды оқыту жоспарланған.

Т. Дүйсенованың айтуынша, үшінші бағыт аясында әлеуметтік жұмыс орындарына 11,3 мың адамды орналастыру жоспарланған, жастар іс-тәжірибесіне – 12,7 мың түлек, қоғамдық жұмыстарға – 76,2 мың адам тартылады. 2,8 мың адамның көші-қонына субсидия төлеу қарастырылған. Бағдарламаның үшінші бағытын жүзеге асыруға 9 млрд теңге бөлінген.

Жыл басынан бері әлеуметтік жұмыс орындарына 12,4 мың адам орналастырылды, 28,1 мыңнан астам қазақстандық қоғамдық жұмыстарға жіберілді, 7,6 мың жас маман жастар іс-тәжірибесінде.

«Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыруға 2017 жылы 85,3 млрд теңге қарастырылған», - деп түйіндеді Т. Дүйсенова.