Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Сапа жүйесінде стандарттау, метрология және аккредиттеу бойынша заңдарға өзгерістер енгізілуде – Қ. Өскенбаев

06 ақпан 2018, 16:26
Фото: primeminister.kz

Елімізде шығарылатын өнімдердің сапасын бақылау үшін тиісті заңдарға бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.

Вице-министрдің айтуынша, қолданыстағы сапа инфрақұрылымы жүйесі негізгі төрт бағыттан тұрады: техникалық реттеу және стандарттау, метрология, аккредиттеу және сәйкестігін бағалау, сонымен қатар мемлекеттік бақылау.

«Соның үшеуі бойынша қазір заңдарға өзгерістер енгіздік», - деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, стандарттау жүйесін жетілдіру мақсатында «Стандарттау туралы» жаңа Заң әзірленіп, ол өткен жылдың желтоқсан айында Парламент Мәжілісінде мақұлданды.  Осы заң аясында Стандарттау бойынша Ұлттық орган – автоматтандырылған жүйе арқылы жұмыс істейтін стандарттау процестерінің бірыңғай операторы айқындалатын болады.

Ал метрология саласында «Өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңға енгізілген өзгерістер арқылы эталондар мен өлшеу құралдарын тексеруден калибрлеуге заңнамалық тұрғыдан көшу мен мемлекеттік метрологиялық бақылауда жаңа тәсіл енгізу қарастырылды. Бұл заң да Мәжілісте қолдау тапқан.

Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аясында «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» ҚР Заңына өзгерістер пысықталды. Бұл өзгерістер аккредиттеу жүйесін жетілдіруге, аталған сала субъектілерінің жауапкершілігін күшейтуге бағытталады. 

«Ол өзгерістер Мәжілісте қарастырылып жатыр. Бұл заңдар биыл қабылдана ма деп үміттеніп отырмыз», - деді Қ. Өскенбаев.

Ал екінші кезекте өнімдер сапасын бақылауға қатысты заңдарға өзгерістер енгізу жоспарланды.

«Бүгінгі отырыста инвестициялар және даму министрі айтып кеткендей, 2018 жылы халықаралық тәжірибені ескерумен «Өнімдер нарығын қадағалау туралы» және «Техникалық реттеу мәселелері туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар жобаларының Тұжырымдамасы әзірленеді. Оны биыл аяқтап, келесі жылы енгізуді көздеп отырмыз», - деді сала өкілі.

Айта кетейік, бүгінгі  Үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өнімдер нарығын қадағалауда негізгі тәсілдердің бірі ретінде техникалық регламенттер талаптарына сай келмейтін өнімдерді қадағалауды қамтамасыз ету болатынын баяндады.  Соған орай, талаптарға сай келмейтін нақты өнімді заңнаманы бұзған сатушыдан ғана емес, жалпы айналымнан алып тастау немесе жою мәселелері шешілетін болады. Сонымен қатар, нарықты қадағалаудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру көзделуде, оның аясында Сәйкес келмейтін өнімдер мен жосықсыз нарық субъектілерінің Тізілімі жасалады.