Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстан мен Украинаның арасындағы тауар айналымы 2017 жылдың алғашқы 4 айында 37,3%-ға өсті

16 маусым 2017, 14:10

2017 жылдың 14-16 маусымында Астанада ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин мен Украина Премьер-Министрінің орынбасары - өңірлік даму, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы министрі Г. Зубконың төрағалығымен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен Мемлекетаралық Қазақстан-Украина комиссиясының XIII отырысы өтті.

Қазақстан мен Украинаның үкіметтік делегациялары екі елдің экономика, энергетика, көлік және логистика, АӨК, туризм, азаматтық авиация салаларындағы екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.  

Ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында елдер арасындағы өзара сауда көлемі 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 37,3%-ға өсті және 486,3 млн долларды құрады. Осыған байланысты, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин экономикалық ынтымақтастықты жандандыру қажеттігін баса айтты. Айтар болсақ, бүгінде Қазақстанда Украинаның қатысуымен 661 кәсіпорын жұмыс істейді. 

«Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін экспорттық-импорттық операцияларды ұлғайтып, жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің номенклатурасын кеңейту керек, сондай-ақ Қазақстан мен Украинаның кәсіпкерлері арасында тікелей байланысты орнату қажет», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары. 

Қазақстан мен Украина арасындағы жүк ағынының артуы транзит пен логистика саласындағы ынтымақтастықтың тиімділігін айғақтайды. 2017 жылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстан мен Украина арасындағы экспорттық және импорттық жүк көлемі 186,6 мың тоннаны құрады, бұл 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15%-ға жоғары. Транскаспий халықаралық көлік бағдары дәлізін дамыту жұмысы жалғастырылып жатыр. 

Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша А. Мамин мен Г. Зубко тиісті хаттамаға қол қойды.

Қазақстан мен Украинаның арасындағы тауар айналымы 2017 жылдың алғашқы 4 айында 37,3%-ға өсті
1/1