Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Үкімет бәсекелес ортаға берілетін мемлекеттік функциялар тізімін қабылдады

26 қыркүйек 2017, 11:25
Фото: PrimeMinister.kz

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысы барысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-қадамын орындауға әзірленген «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

 

ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов заң жобасы аясында қарастырылған түзетулерді екі бөлікке бөліп қарастыруға болатынын айтты: біріншісі — мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру бойынша базалық тәсілдерді бекіту және екіншісі — бірінші функциялар тобымен жұмыстың қорытындысы бойынша түзетулерді енгізу.

Заң жобасының маңызды ережелері: мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға берудің мақсаттары, қағидалары және әдіс-тәсілдері, функцияларды іріктеу және беру критерийлері мен алгоритмі, функциялардың іске асырылу сапасын бақылау және оларды қайтару тетігі, функцияларды орындаушылар мен әлеуетті орындаушылардың құқықтары мен міндеттері және т. б.

Ұлттық, ақпараттық қауіпсіздікті қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, қорғаныс, конституциялық құрылыс, адам құқығы мен еркіндігін, әділеттілікті және т. б. қорғауға бағытталған функциялар бәсекелес ортаға беруге жатпайтыны аталып өтті.

Азаматтарды мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы уақытылы ақпараттандыру үшін ҰЭМ мен «Атамекен» ҰКП сайттарында өткізілген функциялар туралы барлық қажетті мәліметтер жарияланады.

Қазіргі таңда ұсынылған алгоритм жеті негізгі кезеңнен тұрады: жыл сайын мемлекеттік органдардың қызметтерін іріктеу, Үкімет жанындағы Комиссияның функцияларының тізімін алдын ала бекіту, бұқаралық талқылау, нарық әзірлігі мен реттеу ықпалының талдауын жүргізу, берілетін функциялардың тізімін бекіту, әзірленген ұсыныстарды заңнамалық негізде бекіту және мемлекеттік органдар функцияларының бәсекелес ортада іске асырылуына мониторинг жүргізу.  

«Ұсынылып отырған тәсіл функцияларды бәсекелес ортаға беруді сапалы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Т. Сүлейменов.

Функциялардың бірінші тобы бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттеу ұйымдарына беруге: әділет министрлігінің бағалау қызметін реттейтін функцияларының топтары; энергетика министрлігінің экологиялық қызметті реттейтін функцияларының топтары; денсаулық сақтау министрлігінің азаматтардың ұсынылатын медициналық қызметтің сапасына қанағаттану деңгейін анықтау бойынша функциялары мақұлданды.