Астанада «Еуразия» жобасын іске асыру бойынша консорциум құру туралы келісімге қол қойылды

21 маусым 2017, 14:02

Трансұлттық компаниялар Каспий маңы ойпатындағы көмірсутегі шикізаттарының аса тереңде шоғырланған кендерін игеру үшін «Еуразия» жобасын іске асыру мақсатымен бірлеседі. Бұл туралы ҚР Үкіметі мен халықаралық компаниялар арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою рәсімінің қорытындысы бойынша ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев хабарлады.

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың қатысуымен ҚР Үкіметі мен халықаралық компаниялар арасында энергетика саласында, сонымен қатар «Еуразия» жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

«Бүгін тарихи құжатқа қол қойылды – Қазақстан соңғы 5 жылда қолға алған, үлкен жоба - «Еуразия» бастау алды. Agip Caspian Sea B.V., «РН - Эксплорейшн», CNPC International Ltd., Socar, «ҚазМұнайГаз – Еуразия» ЖШС, NEOS GeoSolutions секілді әлемдік компаниялар Каспий маңы ойпатының жер қойнауын зерттеу үшін консорциумге бірігеді», - деді энергетика министрі.

Қ. Бозымбаев Каспий маңы ойпатының күрделі геологиялық құрылымымен және мұнай мен газдың бірегей кен орындарының болуымен ерекшеленетінін атап өтті. Каспий маңы ойпатының бір бөлігі Ресей Федерациясының аумағында орналасқанын ескеріп, Қазақстан мен Ресейдің уәкілетті органдары геологиялық-геофизикалық ақпаратпен алмасу туралы келісімге келді.  

Энергетика министрінің айтуынша, «Еуразия» жобасын іске асыру үш кезеңге бөлінген. Біріншісі қолда бар деректерді толықтай талдауды және жаңа деректер базасын құруды көздейді, екіншісі – геофизикалық зерттеулер. Егер мамандар екінші кезеңнен кейін көмірсутегі шикізаты қорының барын дәлелдесе, онда үшінші кезең тереңдігі шамамен 15 шақырымды құрайтын барлау ұңғымаларын бұрғылауға арналады.  

«Осындай аса терең бұрғылау жұмыстары әлемде әлі жүргізілмеген. Бүгінгі таңда Қазақстандағы ең терең бұрғылау 5 шақырымды құрайды. Мысалға, Кеңес уақытында Арктикада 20 жыл бойы 11-12 шақырымға дейін бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Қазір бізде заманауи, қуаты жоғары жабдықтар бар, сол себепті де, жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын», - деді Қ. Бозымбаев.

«Еуразия» жобасының келешегі туралы «KAZENERGY» Қауымдастығының төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин айтып өтті. Оның айтуынша, жобаны іске асыру елімізге әлемдік мұнай-газ өндіруші компаниялардың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін тартуға мүмкіндік береді және Қазақстан экономикасының барлық салаларын дамытуға серпін береді.