Б. Сағынтаевтың АҚШ-қа жұмыс сапары барысында Кремний алқабында ҚР Өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойылды

15 сәуір 2017, 20:11
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың АҚШ-қа Сан-Франциско қаласына жұмыс сапары аясында Кремний алқабында Қазақстан Өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойылды.

«Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ, «Инновациялық технологиялар паркі» Дербес кластерлік қоры («ИТП» ДКҚ) және GVA Capital Венчурлік қоры арасында сәйкес Меморандумға қол қойылды.

Инновациялық Өкілдік Кремний Алқабында ҚР-ның технологиялық стартаптарын дамыту үшін платформаны, ҚР-да корпорацияларды, бизнесті және ғылымды дамыту үшін Алқаптың үздік технологиялық идеялары мен стартаптарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Өкілдікті ашудың негізгі мақсаты – жаһандық технологиялық даму трендетрі туралы ақпарат алмасу және ҚР экономикасына инновациялар мен инвестициялар тарту үшін Қазақстан мен Кремний алқабы арасында «көпір» салу. Бұл біздің елімізге ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында белгіленген өндірістік компаниялар мен кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуды тиімдірек жүргізуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев  11-14 сәуір аралығында жұмыс сапарымен АҚШ-қа барды, мұнда әлемдік инновациялық көшбасшылар қатарындағы компаниялардың өкілдерімен кездесулер өткізіп, Қазақстан экономикасының үшінші жаңғыртылуы аясында бірлескен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.