Бақытжан Сағынтаев «Project: Collider» технологиялық форумына қатысты

15 сәуір 2017, 19:53
Фото: primeminister.kz

Сан-Францискоға жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Project: Collider» технологиялық форумына қатысты, онда инновациялар саласындағы әлемдік көшбасшы компанияларды ҚР экономикасын жаңғырту үдерісіне қатысуға шақырып сөз сөйледі.

«Project: Collider» халықаралық форумы – технологиялық инвестициялар саласындағы ағымдағы трендтерді талқылау үшін жетекші инвесторлардың, кәсіпкерлердің және мемлекет қызметкерлерінің басын қосатын шара.

Биыл шараға «Citi Ventures» компаниясының вице-президенті В. Ченг, «Global Catalyst Partners» негізін қалаушы К. Элахиан, «Coca-Cola» инновациялар жөніндегі директоры А. Боэм, «Intel Capital» серіктесі С. Данг, «Sentient Technologies» басшысы Б. Ходжиат, «Google Development Group» басшысы Д. Фелд, «SGS Global Holdings» төрағасы С. Стеванович, «Learn Capital» басқарушы серіктесі Р. Хаттер, «General Electric» бас техникалық директоры Д. Бартлетт, «ABB Technology» басқарушы директоры Г. Аллен қатысты.  

Өз баяндамасы барысында Б. Сағынтаев Қазақстанның бүгінде әлеуметтік-экономикалық дамуда жоғарғы көрсеткіштерге ие ел ретінде қалыптасқанын және көптеген параметрлер бойынша әлемнің озық дамыған 50 елінің қатарына қосылғанын атап өтті. Дегенмен, заманауи әлем жылдам қарқынмен өзгеруде және біз үлкен өзгерістер алып келетін кезекті технологиялық төңкерістің куәгерлеріміз.

ҚР Президенті Н. Назарбаев жаңа жаһандық трендтерді түсіне отырып, жылдамдатылған цифрлық экономикаға, жаңа индустрияларға, экономиканың барлық секторына Индустрия 4.0 элементтері мен цифрлық технологияларды ықпалдастыруға жағдай жасайтын Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялады. 

ҚР Премьер-Министрі АҚШ-қа жұмыс сапары аясында жасанды зерде, білім беру, қаржы және мобильді технологиялар саласындағы көшбасшы компаниялардың өкілдерімен бірқатар қызықты кездесулер өткенін атап өтті. Олар технологиялық кәсіпкерліктің жаһандық сын-тегеуріндерді қалай шешетінін және инновацияларды енгізген кезде қанша жаңа мүмкіндіктер мен нарықтар ашылатынын көрсетті.

Осыған орай, Б. Сағынтаев ел экономикасын жаңғырту бойынша бірлескен жұмыстарды жүргізу үшін Қазақстанға осындай алдыңғы қатарлы компаниялар мен жаһандық венчурлік қорлар қажет екенін айтты.

Сол себепті де Қазақстан Кремний алқабында ресми Өкілдігін ашты, өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша Қазақстанға технологиялар мен инвестицияларды тарту, инновацияларды бейімдеу мен трансферлеу үшін Жол картасы әзірленетін болады.

Өз сөзін қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Қазақстан жаңа идеяларды, технологияларды және инвестициялық бастамаларды қашан да қолдайтынын, АҚШ-тың ірі компанияларын бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді түрде қатысуға шақыратынын айтты.