Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» № 41

10 шілде 2017, 15:48

2017 жылғы 3-8 шілде аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Өткен аптада Қазақстан астанасының күні аталып өтті. Мерекелік шаралар Мемлекет басшысының Мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсіміне қатысуынан басталды.

Астана күніне орай Президент Н. Назарбаев Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус, зиялы қауым, іскер топтар мен мәдениет саласының өкілдері қатысқан салтанатты қабылдауда сөз сөйледі.

Сейсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері және жекешелендіру жүргізу барысы бойынша ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша ҚР ұлттық экономика, қаржы министрліктерінің өкілдері тікелей эфирде БАҚ өкілдері қызығушылық танытқан барлық сұрақтарға жауап берді.

Экономиканы жаңғырту жұмыстары жалғастырылып жатыр. 3 шілдеде Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында Бақытжан Сағынтаевқа «Атырау облысындағы интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы» (Бірінші фаза) инвестициялық жобасын іске асыру туралы баяндалып, банк секторын сауықтыру шаралары ұсынылды.

4 шілдеде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Салық салу мәселелері жөніндегі консультациялық кеңестің мүшелері салық саясатын жетілдіру мәселелерін талқылап, банк мекемелері тұрғысынан ҚР Салық кодексінің нормаларын қолдану мәселелерін қарады. 

Сәрсенбі күні, 5 шілдеде Бақытжан Сағынтаев Германиямен, Латвиямен және Испаниямен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.