Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №43

24 шілде 2017, 11:00

2017 жылғы 17 мен 22 шілде аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Осы аптада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына барды.

Сейсенбі, 18 шілдеде, ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының 2017 жылғы 6 айдағы қорытындылары, сондай-ақ ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдағы «Нұрлы жер» Тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы туралы кезекті Үкімет отырысы өтті.

Сәрсенбі, 19 шілдеде, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ұлыбританияның сауда және инвестициялар жөніндегі мемлекеттік министрі Грег Хэндспен, Инвестициялық саясат жөніндегі жаһандық бағыттың жетекшісі Роберто Эчанди бастаған Дүниежүзілік банктің сарапшылар тобымен бірқатар кездесулер өткізді. 

20-21 шілдеді Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына барды, онда «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің орындалу барысымен танысты.

Сенбі күні Бақытжан Сағынтаев Жапонияның экономика, сауда және индустрия министрі Хиросигэ Сэкомен кездесті, сондай-ақ цифрлық экономика мәселелері жөнінде кеңес өткізді.