Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №44

01 тамыз 2017, 09:45

2017 жылғы 24-29 шілде аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Өткен аптада Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Жұмыс сапарының аясында Б. Сағынтаев Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің іске асырылу барысымен танысты.

Сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау бойынша екі баспасөз конференциясы: «Индустрияландыру және экономикалық өсім» үшінші институционалдық реформасы мен «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» атты бесінші институционалдық реформасы бойынша өтті.

Дүйсенбі күні, 24 шілдеде Бақытжан Сағынтаев «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді.

Сейсенбі күні, ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Онда «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту шаралары қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР ҰЭМ, ИДМ және АШМ басшыларының қатысуымен брифинг өтті.

Сол күні Бақытжан Сағынтаев ҚР-дағы Канаданың елшісі Шон Стайлмен кездесіп, экономиканы цифрландыру жөнінде кеңес өткізді.

Сәрсенбі күні, Премьер-Министр Қазақстан экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысын және шетелдік жұмыс күшін тарту тәсілдерін жетілдіру бойынша кеңес өткізді.

Бейсенбі күні, ҚР Премьер-Министрі Румынияның сыртқы істер министрі Теодор-Виорел Мелешканумен кездесті және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы бойынша кеңес өткізді.

Сенбі күні, 29 шілдеде Бақытжан Сағынтаев Астанада Стартап-хаб құру мәселелері бойынша кеңес өткізді, ол Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясында ашылады.