Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №46

15 тамыз 2017, 15:03

2017 жылғы 7-13 тамыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

• 7 тамызда Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Мемлекет басшысына биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Үкіметтің атқарған жұмысы жөнінде есеп берілді. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономикалық даму көрсеткіштері өсіп келе жатқанын айтып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды одан әрі іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

• Сондай-ақ осы аптада ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Беларусь Республикасының Премьер-Министрі А. Кобяковпен кездесу өткізді. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

• Үкімет үйінде бірқатар екіжақты қазақстандық-беларусьтік келісімдерге қол қою рәсімі өтті. Олардың ішінде бейбіт мақсаттарда ғарыш кеңістігін зерттеу мен пайдалану саласында ынтымақтастық орнату туралы келісім, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Беларусь Сауда-өнеркәсіптік палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бар. 

• Екі елдің Премьер-Министрлері беларусьтік экспортшылардың «Made in Belarus» көрмесін аралады және Қазақстан-Беларусь бизнес форумының отырысына қатысты. ЭКСПО-2017 көрмесінде Б. Сағынтаев пен А. Кобяков Беларусь Республикасының ұлттық күнінің ашылу салтанатын өткізді.

• Сол күні Бақытжан Сағынтаев Астанаға Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысуға келген Қырғызстан Премьер-Министрі С. Жээнбековпен кездесу өткізді.

• Сейсенбі күні, 8 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кезекті отырысында 2017-2021 жж. арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасының және бизнеске қолдау көрсету мен оны дамытудың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды.