Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №60

21 қараша 2017, 13:56

2017 жылғы 13–18 қараша аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Өткен аптада Мемлекет басшысы Н. Назарбаев ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев Нұрсұлтан Назарбаевқа еліміздің 2017 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.

Сейсенбі күні, 14 қарашада ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Онда ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі алдағы шаралар, электрондық сауда-саттықты дамыту мәселелері, денсаулық сақтаудағы цифрландыру, Пхенчхан қаласындағы (Оңтүстік Корея) 2018 жылғы ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы қаралды.

16 қарашада ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысына қатысты. Отырыс барысында «ҚР Ұлттық қорынан 2018–2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «2018–2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды.

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның бірінші отырысы өтті. Отырыс барысында қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін төрт арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Сәрсенбі күні, 15 қарашада ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен Еуразия даму банкі (ЕАДБ) Кеңесінің отырысы өтті. Онда банк қызметінің қазіргі және перспективалық бағыттары талқыланды. Кеңес мүшелері А. Бельяниновтың банктің басқарма төрағасы қызметіне тағайындалуын бірауыздан мақұлдады.

Өткен аптада ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев халықаралық ұйымдардың өкілдерімен ел экономикасының түрлі салаларында цифрландырудың перспективалы инвестициялық жобаларын іске асыру бойынша бірқатар кездесулер өткізді. Соның ішінде цифрлық технологиялар жөніндегі вице-президент Уилиям Ру басшылық еткен General Electric және компанияның вице-президенті Эми Лин бастаған Huawei Technologies өкілдерімен кездесу өткізді.

Жұма күні, 17 қарашада ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев компанияның атқарушы директоры Бен Ван Берден басшылығымен «Шелл» өкілдерімен кездесу өткізді.

Биыл 17–18 қарашада Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды, онда өңірде мемлекеттік бағдарламалардың және Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы міндеттерінің іске асырылу барысымен танысты.