Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №84

14 мамыр 2018, 09:15
Фото, бейне: primeminister.kz

2018 жылғы 7–12 мамыр аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Елімізде өткен аптада 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығына арналған мерекелік шаралар өткізілді.

9 мамырда Алматы қаласында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев құрметті қарауылдың сап түзеуімен Даңқ мемориалындағы мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, бір минуттық үнсіздікпен Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың рухына тағзым етті.

Сол күні Астанада «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Салтанатты шараға ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, ҚР Парламентінің депутаттары және басқа да мемлекеттік қайраткерлер қатысты.

10 мамырда Үкімет үйінде Бақытжан Сағынтаев еңбек және әлеуметтік салаларды цифрландыру мәселесі жөнінде кеңес өткізді.

Сол күні ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан-Өзбекстан қатынастарының кең ауқымын нығайту және дамыту, сауда-экономикалық, өңірлік және шекара маңы ынтымақтастығын кеңейту, көлік саласындағы өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру, ғылым, білім, мәдениет, өнер, туризм және спорт саласындағы өзара іс-қимылды жандандыру мәселелері талқыланды.

Жұма күні, 11 мамырда Үкімет үйінде Бақытжан Сағынтаев Катарлық бизнесмендер қауымдастығының төрағасы, «Фейсал Холдинг» басқарма төрағасы Фейсал бен Касем бен Фейсал Әл-Танимен кездесу өткізді. Кездесу барысында Катардың бизнес құрылымдарымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, экономиканың әр түрлі салаларында, мәдениет, білім беру және басқа да бағыттарда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, 11 мамырда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Өнеркәсіптік даму жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында 2015–2019 жылдарға арналған республикалық Индустрияландыру картасы жобаларының жаңа тізімін әзірлеу және дамыту мәселелері талқыланды.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз