Видеодайджест: Бақытжан Сағынтаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары 26.10.2017

27 қазан 2017, 16:40

25–26 қазанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды. 

Жұмыс сапарының мақсаты — Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Нұрлы Жол», «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысымен танысу. 

Бақытжан Сағынтаев сапар барысында облыстың жұртшылығымен және активімен өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері бойынша кездесу өткізді

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен өткен кездесуде облыстағы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету шаралары қаралды. 

Бұдан өзге, Бақытжан Сағынтаев ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие бірқатар инфрақұрылым нысандарын аралады. Бұл паром кешені құрылысының екінші кезеңі жүріп жатқан Құрық теңіз порты. Жобаны іске асыру тәулігіне 8 паромға қызмет көрсетуге, жылына 7 млн тонна көлемінде теміржол вагондары мен автотрейлер арқылы жоспарланған жүк ағынын өңдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Премьер-Министрге портты 2030 жылға дейін дамытудың тұжырымдамасы таныстырылды. 

«Қазтурбожөндеу» ЖШС құбыр зауытының мысалында, Бақытжан Сағынтаев өңірдегі инвестициялар тарту мен экспорт көлемін ұлғайту жұмыстарымен танысты. 

Бұдан өзге, Премьер-Министр бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарында болып қайтты.