Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Жергілікті жолдарды жөндеуге қажетті қаражаттың жартысы мемлекет тарапынан бөлінеді — Қ. Өскенбаев

13 ақпан 2018, 15:24
Фото: primeminister.kz

Жергілікті әкімшіліктерге қарайтын жолдарды жөндеу үшін қажетті қаражат көлемінің 50 пайызы бюджеттен бөлінетін болады. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысының қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында инвестициялар және даму вице-министрі  Қайырбек Өскенбаев айтты.

Оның айтуынша, елімізді дамытуда жолдар мәселесінің маңызы аса зор. Қазіргі кезде жергілікті жерлерге және республикаға қарайтын жолдарды жөндеу жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр.

«Жергілікті әкімшіліктердің бюджетіне тәуелді болып отырған орташа деңгейдегі жолдарды жөндеуге келсек, дәл қазіргі уақытта оларда қаржы мәселесіне байланысты қиындықтар туындап отыр. Сол себепті министрлік (Инвестициялар және даму министрлігі – ред.) тарапынан мынадай шешім қабылданды: егер әкімшіліктер жөндеу жұмыстарына қажетті қаражаттың 50% өз тарапынан салатын болса, қалған 50 пайызын біз қаржыландыратын болдық», — деді вице-министр.

Қ. Өскенбаев осы жоба бойынша өңірде 750 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Бізге үкімет тарапынан тапсырма берілді, министрлік сол елу пайызды қаржыландыруға дайын», — деді ол.

Айта кетейік, бүгін ҚР Үкіметінің отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бекітілген Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бойынша атқарылатын жұмыстар туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, мультимодальді көлік каркасын дамыту және халықтың мобильділігін арттыру үшін аумақта үш айналма автожол салу ұсынылған, ол оңтүстік шығыс, солтүстік және Шымкент қаласының  сыртқы айналма жолының 118 шақырымын, Сарыағаш қаласының айналма жолын қамтитын болады.

Сонымен қатар аудандық, облыстық маңызы бар жолдарға реконструкция жүргізіледі, Шымкент-2 жаңа теміржол вокзалы салынады және Арыс қаласындағы вокзал қайта жөнделеді. Шымкент қаласында және Сарыағаш ауданында 2020 жылға дейін екі көлік-логистикалық орталық салынып, Шымкент қаласындағы аэровокзалға реконструкция жүргізіледі.

Министрдің баяндауынша, аталған шаралар көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, агломерацияның транзиттік-экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Жергілікті жолдарды жөндеуге қажетті қаражаттың жартысы мемлекет тарапынан бөлінеді — Қ. Өскенбаев
1/5
Жергілікті жолдарды жөндеуге қажетті қаражаттың жартысы мемлекет тарапынан бөлінеді — Қ. Өскенбаев
2/5
Жергілікті жолдарды жөндеуге қажетті қаражаттың жартысы мемлекет тарапынан бөлінеді — Қ. Өскенбаев
3/5
Жергілікті жолдарды жөндеуге қажетті қаражаттың жартысы мемлекет тарапынан бөлінеді — Қ. Өскенбаев
4/5
Жергілікті жолдарды жөндеуге қажетті қаражаттың жартысы мемлекет тарапынан бөлінеді — Қ. Өскенбаев
5/5