Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Мәдина Әбілқасымова Тамара Дүйсенованың орнына ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды

09 ақпан 2018, 19:18

Мемлекет басшысы кадрлық өзгерістер жасады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Тамара Босымбекқызы Дүйсенова ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

ҚР Президентінің келесі Жарлығымен Мәдина Ерасылқызы Әбілқасымова ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындалды. Бұған дейін Мәдина Әбілқасымова ұлттық экономика вице-министрі лауазымын атқарған.

Мәдина Әбілқасымова 1978 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. 2002 жылы Колумбия университетін халықаралық қатынастар магистрі дәрежесімен «экономикалық саясатты басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2011 жылы Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін «мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы бойынша аяқтаған.

Түрлі жылдары Стратегиялық жоспарлау агенттігінің бас маманы, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің стратегиялық жоспарлау басқармасының басшысы, «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ мемлекеттік саясатты талдау департаментінің директоры болып еңбек еткен.

2006 – 2008 жылдары М. Әбілқасымова ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-экономикалық бөлім меңгерушісінің орынбасары болған, одан кейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалған.

2011 жылғы қыркүйектен 2013 жылғы ақпанға дейін ҚР экономикалық даму және сауда вице-министрі лауазымын атқарған.

2012 жылдан бастап — Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы басқарушысының орынбасары.

2013 – 2014 жж. — ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі.

2014 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі таңға дейін ҚР ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарған.