Біріккен ядролық зерттеулер институтына мүше өкілдер комитетіндегі ҚР Үкіметінің өкілетті өкілі тағайындалды

14 маусым 2017, 13:05
Фото: primeminister.kz

2017 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Кенжин Ерғазы Әсиұлы Біріккен ядролық зерттеулер институтының мүше-мемлекеттері үкіметтерінің өкілетті өкілдер комитетіндегі  (Дубна қ., Ресей Федерациясы) ҚР Үкіметінің өкілетті өкілі ретінде тағайындалды.

Ерғазы Кенжин 1961 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1984 жылы Томск политехникалық институтын «инженер-физик» мамандығы бойынша тәмамдаған. Физика-математика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1982 жылы бастаған. Түрлі жылдары зерттеу орталықтарында, солардың ішінде «ҚР ұлттық ядролық орталығы» Атом энергиясы институтында зертхананың аға ғылыми қызметкері (1994 ж.) лауазымынан атом энергетикасы жөніндегі бас директордың орынбасарына (2013 ж.) дейін қызмет атқарған. Одан кейін «Ядролық технологиялардың қауіпсіздігі» ғылыми-техникалық орталығында (2013-2015 жж.) жұмыс істеген.

2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Ядролық физика институты» РМК-да жұмыс істейді. Қазіргі таңда бас директор қызметін атқарады.

ҚР Конституциясының 10 жылдығына, Астананың 10 жылдығы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай берілген медальдармен марапатталған.